Ұлттық құрама көшбасшысы Жансель Дениз жолдамадан құр қалды

АСТАНА. KAZINFORM - Тайань қаласында өтіп жатқан лицензиялық турнирде қазақстандық таеквондошы Жансель Дениз жартылай финалда қарсыласына жол беріп, жолдамасыз қалды. 

Фото: Спортты дамыту дирекциясы / Шамкен Байырбек

Жансель Дениз ширек финалда моңғолиялық таеквондошыны жарыс жолынан тайдырғанымен, өкінішке қарай жолдама сарапқа салынатын жартылай финалда тәжікстандық Мунира Абдусоломадан жеңіліп қалды.

67 келі салмақта ел намысын қорғап жүрген 33 жастағы Жансель Дениз осыған дейін екі Олимпиада ойындарында (Рио 2016 ж мен Токио 2021 ж) ел намысын қорғаған аса тәжірибелі спортшылардың бірі болатын. Алайда, биыл Парижге барудың сәті түспеді. Жолдамаға бір қадам жетпей қалды.

Осыған дейін тағы бір отандасымыз Мария Севостьянова (57 кг) алғашқы жекпе-жегінде камбоджалық спортшы Джулия Мамнан жеңіліп, жарыс жолынан шығып қалған еді.

Осылайша Тайаньға Париж Олимпиадасының жолдамасына таласуға аттанған 4 спортшымыздың екеуі төртжылдықтың басты додасына қатысуға мүмкіндік алса, екеуі жолдамадан қағылды. 

Естеріңізге сала кетейік, осыған дейін хабарлағанымыздай, таеквондодан Қазақстан құрамасы Қытайда екі лицензия жеңіп алды. Оның бірін бүгін Самирхон Абабакиров (58 келіге дейін) иеленсе, екіншісін жолдамаға кеше Батырхан Төлеуғали (80 келіге дейін) қол жеткізді. 

Қытайдағы жарыста Париж Олимпиадасының жолдамасына әр салмақта финалға шыққан екі спортшы ие болды. Барлығы турнирде 33 мемлекеттен келген таңдаулы 96 таеквондошы күш сынасты. Бұл Сарықұрлық өкілдеріне лицензия берілетін соңғы турнир екенін айта кетейік.