АСТАНА. КАЗИНФОРМ - Біріккен Араб Әмірлігінің Дубай қаласында өтіп жатқан футболдан Қазақстан құрамасының оқу-жаттығу жиынына Бактиер Зайнутдинов пен Абат Айымбетов қосылды.
Ел құрамасы Ұлттар лигасы плей-офф сатысындағы Грекияға қарсы ойынға 19 наурызда аттанады.
БАӘ-де өтіп жатқан оқу-жаттығу жиыны аясында қазақстандық футболшылар Түркіменстанмен өткен жолдастық кездесуде қарсыласын 2:0 есебімен тізе бүктірді.
Айта кетсек, Қазақстан құрамасы Ұлттар лигасында С жолымен 2024 жылдың 21 наурызында жартылай финалда сырт алаңда Грекиямен кездеседі.
Жеңген жағдайда 26 наурызда тағы да сырт алаңда Грузия-Люксембург жұбының жеңімпазымен шеберлік байқасады. Жеңімпаз құрама 2024 жылғы Еуропа чемпионаты финалдық сатысына жолдама алады.
Қазақстандық футболшылар құрлықтық доданың іріктеу сатысында H тобында сынға түсіп, үшінші орынға тұрақтады. Олар барлығы 18 ұпай жинап, ұлттық құраманың рекордын жаңартты.
Әділжан Үмбет
1996 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. Еңбек жолын 1996 жылы Алматы қалалық «Алматы ақшамы» газетінде бастады. Одан кейін жылдарда Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде, «Ақмешіт ақшамы», «Сыр бойы» газеттерінде қызмет атқарып келеді.
2015-2020 жылдарда «Ақмешіт апталығы» газетінің бас редакторы болды.
Негізгі қызметімен қосып 2006-2014 жылдарда республикалық «Жас Қазақ», «Алаш айнасы» газеттерінің Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі болып еңбек етті.
2018 жылдан бері «Kazinform» ақпарат агенттігінде Қызылорда облысындағы меншікті тілші.