Байқауға Астана қаласының 6-9 сынып оқушылары қатысты. Олар жанды дауыста дәстүрлі әндерді орындады. Дәлірек айтқанда, қазақтың халық әндері, Кенен Әзірбаевтың, Бәкір Тәжібаевтың, Ғарифолла Құрманғалиевтің, Алтынбек Қоразбаевтың шығармалары шырқалды.
Әзіл қазы алқасында мәдениет және өнер қайраткерлері, музей қызметкерлерінен құралды. Олар қатысушылардың дауыс ырғағының тазалығын, шығарма тақырыбының сәйкестігін, орындау шеберлігі мен сахна мәдениетін бағалады.
«Қазақ халқының рухани құндылықтары ішінде мақтаныш етер бай мұрасының бірі – дәстүрлі әндер. Бүгін Ұлттық музей бірінші рет дәстүрлі ән байқауын өткізіп жатыр, бқдан кейін жыл сайын тұрақты түрде өтетін болады. Бізде талантты жастар көп, бүгін домбырамен жанды дауыста ән тыңдаймыз. Көзге түскен қабілетті балаларға әрі қарай концерттік бағдарламаларға қатысуға, музыка мектебіне түсуге, өнермен кәсіби деңгейде шұғылдану жөнінде бағыт-бағдар береміз. Яғни бұл жас таланттарды іздейтін конкурс», - деді әділ қазы алқасының мүшесі, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, Қазақ ұлттық өнер университетінің профессоры Бекболат Байсағатов.
Нәтижесінде С.Мәуленов атындағы №37 мектеп-лицейінің оқушысы Аружан Атымтай Ғ.Құрманғалиевтің «Әнші даусы» әнімен бас жүлдені жеңіп алды.
Сонымен бірге, №26 мектеп-гимназиясының оқушысы, Майраның әнін шырқаған Әнел Шаяхметова І орын, №56 мектеп-лицейінің оқушысы Архат Ербатыр – ІІ орын және А.Құнанбайұлы атындағы №85 мектеп-лицейінің оқушысы Алуа Сейілхан ІІІ орын иеленді.