Ұлттық музейде Қытайдың ежелгі қолөнер жауһарлары көрмесі ашылды

Фото: Мұқтар Мұрат/Kazinform

АСТАНА. KAZINFORM — 22 қазанда Қазақстан Республикасының Ұлттық музейінде «Өркениет іздері — Қытайдың ежелгі қолөнер жауһарлары» атты көрме қоғам назарына ұсынылды.

Көрме Қазақстан Республикасының Ұлттық музейі мен Қытайдың Тяньцзинь музейінің бірлескен ұйымдастыруымен ашылды.

Фото: Мұқтар Мұрат/Kazinform

Іс-шараның ашылу рәсімінде ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі Мәдениет комитетінің төрағасы Ерлан Дәкенов Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваның құттықтау хатын оқып берді.

Фото: Мұқтар Мұрат/Kazinform

Министр өз құттықтауында Қытай және Қазақстан басшыларының қолдауы мен бастамаларының арқасында «Қытайдағы Қазақстанның туризм жылы» және «Қазақстандағы Қытайдың туризм жылы» аясында бірқатар мәдени іс-шара өткізілгенін атап өтті.

Фото: Мұқтар Мұрат/Kazinform

Осы жобалар аясында екі ел арасындағы мәдени және гуманитарлық ынтымақтастық едәуір дамып, өзара түсіністік пен достықтың жаңа деңгейіне көтерілгенін жеткізді.

Фото: Мұқтар Мұрат/Kazinform

Сондай-ақ Аида Балаева өткен жылы Тяньцзинь музейінде өткен «Алтын адам және дәулетті дала: Қазақстан тарихының жәдігерлері» атты көрменің табысты өткенін еске алып, бұл жобаның екі ел арасындағы саяси сенімге негізделген достық қатынастың айқын көрінісі болғанын атап өтті.

Фото: Мұқтар Мұрат/Kazinform

Министр жаңа көрмеге табыс тілеп, оның Қазақстан мен Қытай арасындағы жоғары деңгейдегі мәдени байланыстарды одан әрі нығайтуға ықпал ететініне сенім білдірді.

Фото: Мұқтар Мұрат/Kazinform

Көрменің ашылу рәсіміне Қытай Халық Республикасының Қазақстан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті елшісі Хань Чуньлин, қоғам және мәдениет қайраткерлері, сондай-ақ өнер сүйер қауым өкілдері — барлығы жүзге жуық адам қатысты.

Фото: Мұқтар Мұрат/Kazinform

Экспозиция «Қытай керамикасының сазы», «Шеберлік ғажайыбы», «Жібек өрнекті Қытай», «Тяньцзиньнің келбеті» атты бөлімдерден тұрады.

Фото: Мұқтар Мұрат/Kazinform

Көрмеге барлығы 62 (жиынтық) жәдігер қойылған. Олардың қатарында сүйек жазбалар, қыш бұйымдар, нефриттен жасалған әшекейлер және басқа да тарихи құндылықтар бар.

Фото: Мұқтар Мұрат/Kazinform

«Өркениет іздері — Қытайдың ежелгі қолөнер жауһарлары» көрмесі Қытай шеберлерінің даналығы мен шығармашылық қуатын паш етіп қана қоймай, Қазақстан халқының көршілес елдің бай мәдени мұрасымен және көне өркениетінің рухани қазынасымен жақынырақ танысуына мүмкіндік береді.

Фото: Мұқтар Мұрат/Kazinform
Фото: Мұқтар Мұрат/Kazinform
Фото: Мұқтар Мұрат/Kazinform

Бұл шара екі халық арасындағы достық пен мәдени өзара түсіністікті одан әрі тереңдетуге бағытталған маңызды мәдени бастама саналады.

Осыдан бұрын Ұлттық музейде «Зергерлік код» халықаралық көрмесі өткенін жазған едік.