Ұлттық парктер мен резерваттарда өртке қарсы іс-шара мардымсыз жүріп жатыр – Бектенов

АСТАНА. KAZINFORM – Үкімет басшысы Олжас Бектенов елімізде оталған ағаштарды қайта өңдеуге арналған жоғары шикізат базасы бола тұра, ағаштардың отынға айналатынын немесе сатылып кететінін айтты. 

Фото: Ағыбай Аяпбергенов / Kazinform

«Орманды заңсыз кесу және өрттен қорғау шараларын қабылдау қажет. Бұған дейін ұлттық парктер мен резерваттарда өртке қарсы іс-шаралар мардымсыз жүргізіліп келді. Өткен жылдары болған алапат өрттер анық көрсетті. Орманды қорғау ұйымдары оған дайын болмай шықты. Қазір орман шаруашылықтарын, саябақтар мен резерваттарды өртке қарсы арнайы жүйелермен, техникамен және жабдықтармен қамтамасыз ету бойынша ауқымды жұмыс қолға алынды. Мысалы, Бурабай ұлттық паркінде орнатылған ерте хабардар ету жүйесінің арқасында орман өрттерінің орташа ауданы 50 есеге қысқарды», - деді Олжас Бектенов Үкімет отырысында.

Сондай-ақ Премьер-Министр ормандарда санитарлық талаптарды сақтап, ағаштарды зиянкестерден қорғау жұмысын жеделдету керектігін еске салды. 

«Бұл жерде өртенген немесе ауруға шалдыққан ағаштар туралы айтып отырмыз. Біз осындай зақым келген жалпы аумақтың тек 1%-ын ғана кәдеге жаратамыз. Ал, елімізде оталған ағаштарды қайта өңдеуге арналған жоғары шикізат базасы бола тұра, олар отынға айналады немесе сатылып, ізім-ғайым жоқ болып кетеді. Сондықтан осы салаға әлеуетті инвесторларды тарту жұмысын күшейту қажет. Жалпы, орман қорын ұлғайту жұмысында қатаң бақылау мен тиісті үйлестіруді қамтамасыз ету маңызды», - дейді ол.