Ұлттық парктерге байланысты заңнамалық өзгеріс: Мекеме басшылары не дейді
АЛМАТЫ. KAZINFORM – Биыл 8 шілдеде Мемлекет басшысы «ҚР кейбір заңнамалық актілеріне ерекше қорғалатын табиғи аумақтар және электр энергетикасы мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңға қол қойды. Бұл өзгерістерге байланысты Алматы облысының аумағында Ұлттық табиғи парктердің басшылары пікір білдірді.
«Ең бірінші, Ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды пайдаланғаны үшін 0,1 пайыз салық төлемдері мемлекеттің қорына аударылатын, ол алынып тасталды. Екіншіден, көлік құралдарынан алынатын салық та алынып тасталды. Қазіргі таңда төлем тек қана Ұлтттық парктің арнайы есепшотына түседі. Әрбір парк өзінің жер жағдайын қарай өзінің тарифтерін ұсынды. Бүгінгі күні Көлсай көлдеріне алынатын тариф – әрбір азаматтан 500 теңге», - деді Көлсай көлдері ұлттық паркі директорының орынбасары Хамит Ахметов.
Сондай-ақ ол заңнамадағы өзгерістер ұлттық паркке қалай әсер етуі мүмкін екенін атап өтті.
«Жаңа өзгеріс туристік компанияларға оң әсерін тигізеді. Сондай-ақ бақылау-өткізу тоспасынан өткізу мәселесі де жеңілдейді. Себебі болашақта электр желісі жүріп, интернет пайда болған кезде төлем тек қана электронды форматта болады. Сонда жемқорлық болмайды. Екінші жағы, бұл экобекеттерде үлкен кезекте тұрған көліктердің санын азайтуға әсерін тигізеді», - деді Хамит Ахметов.
Айта кеткен жөн, Көлсай көлдеріне былтыр 244 мыңнан астам турист барса, биыл 7 айда 233 мыңнан астам адам сапар шеккен. Жаңа заңға байланысты Шарын мемлекеттік ұлттық паркінің директоры Гүлмира Нысанбаева да пікір білдірді.
«Табиғи аумақтарды пайдаланғаны үшін көрсетілетін қызметтердің төлемі бірден ұлттық парктердің арнайы шотында қалатындығы ұлттық парктердің қызметі үшін оңтайлы шешім, оң өзгерістер алып келеді. Бұл өзгерістер қабылданғанға дейін қаржы қаражаты Республикалық бюджетке түсетін, бюджеттен ұлттық парктерге тек белгілі мөлшері ғана бөлінетін. Қазіргі таңда аталмыш қызметтен түскен түсімдер тікелей парктің туристік әлеуетін арттыруға, материалдық-техникалық базасын нығайтуға, табиғатты қорғау іс-шараларын жүргізуге, туристік маршруттарды абаттандыру, инфрақұрылымдарды дамыту, келуші туристерге сапалы қызметтер ұсынып, қызмет сапасын көтеруге, аумақтың тазалық жұмыстарын жүргізуге, сондай-ақ экологиялық ағартушылық іс-шараларын жүргізуге жұмсалады. Бұл шешім - парк жұмысын нығайтып, ұлттық парктердің көркеюіне оң әсерін тигізетіні анық», - деді ол.
Ал Жоңғар Алатауы мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің бас директоры Марат Қабиев аталған өзгерістерге байланысты табиғи паркті дамыту бойынша бірқатар жоспарларды орындауға мүмкін пайда болатынын айтты.
«Былтыр келушілер саны 3 мың адамнан асты. Биыл екі есе көбейіп 5 мыңға жақындап қалды. Бұрын Ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды пайдаланғаны үшін алынатын төлем бюджетке кететін. Мен Ұлттық паркте жұмыс істегелі 5-6 жыл болды. Бүгінге дейін осы бюджетке кеткен қаражаттан жол жөндеу және өзге де мәселелерге көмек бола бермейтін. Енді түсімдер парктерге берілсе және тариф құны көтерілсе, біз жұмысқа белсене кірісеміз. Паркте жұмыс істейтін 10 шақты адам бар. Олар жалақысын бюжеттен алады. Ал бірақ жұмыс барысындағы шығындарын өздері төлейтін. Енді қаражат өзімізге берілсе, бұл мәселені де қарастырамыз», - деді Ұлттық парк басшысы.
Сондай-ақ Марат Қабиев ұлттық парк аумағындағы басты мәселелерге тоқталды.
«Тауда абаттандыру жұмыстарын жүргізу де оңай емес. Камера қою, ақша түсімін де заманауи құралдармен жасайтындай өзгерту керек. Оның бәрі түскен қаражатқа байланысты. Қаражат көбейсе, туризмді дамыту бойынша жоспарымыз бар. Жақын ауыл-аймақтағы туризм саласына тартсақ дейміз. Тау туризміндегі ең үлкен мәселе - жол. Бізде 14 маршрут бар. Оның жалпы көлемі 1 мың шақырымнан асады. Ең ұзын маршрутымыз 35-40 шақырым болады. Ондай маршруттарға өзіміздің көлік пен жылқылар қажет», - деп атап өтті ол.
Еске салайық, бұған дейін Қазақстанда ұлттық парктерге кіру тарифі неліктен әртүрлі екенін жазғанбыз.