Ұлттық тасымалдаушы балаларды пойызда тасымалдау ережелерін еске салды

Фото: Фото: ҚР Көлік министрлігі

АСТАНА. KAZINFORM - Жазғы демалыстың басталуымен бірге балаларымен теміржол арқылы сапар шегетін жолаушылардың саны артады. Осыған байланысты Ұлттық тасымалдаушы балаларды пойызбен тасымалдау тәртібіне ерекше назар аударуға шақырады.

Ата-аналар 7 жасқа дейінгі бір баланы жеке орынсыз тегін алып жүре алады. Егер балаға бөлек орын қажет болса, онда міндетті түрде балалар билеті рәсімделуі тиіс. Егер отбасыда 7 жасқа дейінгі бірнеше бала болса, әрбір ересек жолаушы тек бір баланы ғана тегін алып жүре алады, ал басқа балалар үшін міндетті түрде балалар билеті сатып алынады.

7 жастан 15 жасқа дейінгі балалар пойызда арнайы балалар билетімен ғана сапарлай алады. Мұндай билет ересектерге арналған жолақының 50%-ын құрайды.

15 жастан асқан балаларға толық құны бар ересектер билеті рәсімделеді. Олар пойызда өздігінен сапарлай алады, алайда бұл жағдайда олардың қолында ата-анасының немесе заңды өкілінің нотариалды расталған жазбаша рұқсаты болуы қажет.

Мемлекетаралық бағыттарда балаларды тасымалдау келесі тәртіппен жүзеге асырылады: егер орын берілмесе, 5 жасқа дейінгі балалар тегін сапарлай алады; 5 пен 10 жас аралығындағы балалар үшін арнайы балалар тарифі қолданылады; ал 10 жастан 15 жасқа дейінгі балалар Қазақстан аумағында жолақының 50%-ын төлесе, шетел аумағында толық тарифпен жүреді.

Егер бала ата-анасымен бірге сапар шегетін болса,билет сатып алу және пойызға отыру кезінде баланың туу туралы куәлігі немесе төлқұжаты көрсетілу қажет. Егер баланы заңды өкілі емес адам ертіп жүрсе, онда екі ата-ананың нотариалды куәландырылған рұқсаты талап етіледі.

- Ұлттық тасымалдаушы жолаушыларды қауіпсіздік ережелерін мұқият сақтауға және балалардың үнемі ересектердің қарауында болуын қатаң түрде қадағалауды шақырады,-делінген «Жолаушылар тасымалы» АҚ баспасөз қызметі таратқан хабарламада.

Осыған дейін Оқу-ағарту министрінің оқушыларды оқу жылының аяқталуымен құттықтағаны туралы жаздық.