Ұлттық тасымалдаушы су тасқынына байланысты Қарағанды облысының тұрғындарын эвакуациялайды

ҚАРАҒАНДЫ. KAZINFORM – Қарағанды облысының Ақсу-Аюлы кентінде ауа райының нашарлауы мен қардың қарқынды еруі Шерубай-Нұра өзенінің шектен тыс толуы салдарынан «Екатеринбург-Алматы» тас жолының уақытша жабылуына әкелді. Осыған байланысты «Жолаушылар тасымалы» АҚ Қарағанды облысының тұрғындарын эвакуациялауды ұйымдастырып жатыр.

Фото: «Жолаушылар тасымалы» АҚ

Халықты тасымалдауды қамтамасыз ету үшін тегін негізде жеке локомотивті пайдалана отырып, бір рейске жолаушылар пойызы тағайындалды: 

*№8801/8802 «Қарағанды-Балқаш-2» бағытында пойыз Қарағандыдан 30 наурыз күні сағат 14:53-те жөнелтілді.

Сондай-ақ келесі 1 рейске жолаушылар пойыздарына қосымша вагондар тағайындалды:

* «Қарағанды-Балқаш-2» бағытындағы №606 пойыз Қарағандыдан 30 наурызда сағат 19:40-та жөнелтіліп, 31 наурыз күні Балқашқа сағат 06:25-те келеді;

*«Балқаш-2-Қарағанды» бағытындағы №605 пойыз 30 наурыз күні сағат 22:50-де Балқаштан жөнелтіліп, 31 наурыз күні сағат 8:20-да Қарағандыға келеді.

Қосымша вагондардың арқасында су басқан аймақтардан 1 200-ден астам тұрғынды тасымалдау мүмкін болады.

Анықтамалық ақпаратты «1433» нөмірі бойынша тегін алуға болады.