Министрдің айтуынша, Ұлттық тауарлар каталогы сауданың цифрлық экожүйесінің маңызды элементі болып саналады. Қазіргі уақытта жүйеде 40 мыңнан астам тауар тобы қамтылған.
– Ұлттық тауарлар каталогы сауданың цифрлық экожүйесінің өте маңызды элементі. Қарапайым тілмен айтқанда, бұл әр тауардың жеке куәлігі іспетті. Бүгінде онда шамамен 30 миллион жазба, 40 мыңнан астам тауар тобы бар, – деді Арман Шаққалиев.
Оның айтуынша, жыл соңына дейін каталогты қалыптастыруды аяқтап, оны қолданыстағы ақпараттық жүйелермен, соның ішінде «Кеден», 1С платформаларымен интеграциялау жоспарланып отыр.
Арман Шаққалиевтің сөзінше, жүйені енгізу тауарлардың қозғалысын бақылауға, олардың шығу тегін анықтауға және міндетті төлемдердің толық төленуін қадағалауға мүмкіндік береді.
- Бұл сауда аналитикасынан бастап, ең маңыздысы тауардың қадағалануына дейін мүмкіндік береді: оның қайдан шыққаны, осы тауар бойынша міндетті төлемдердің толық төленуі. Яғни бұл еліміз экономикасын «көлеңкеден шығарудың» маңызды элементі, – деді министр.
Айта кетейік, отандық тауарларды қаралауға бағыталған ақпараттық науқан болып жатқанын жазғанбыз.