Енді бірыңғай мемлекеттік тауарлар анықтамалығын пайдалану барлық сауда қызметі субъектілері, оның ішінде шағын және микро кәсіпкерлік өкілдері үшін міндетті болып табылады. Тиісті талаптар Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген.
Ұлттық тауарлар каталогы – Қазақстанда өндірілетін және импортталатын тауарлар туралы мәліметтерді қамтитын бірыңғай мемлекеттік деректер базасы. Әрбір тауарға бірегей NTIN сәйкестендіру коды беріледі. Бұл код тауарды нақты сәйкестендіруге мүмкіндік береді және электрондық шот-фактураларды, ілеспе жүкқұжаттарды ресімдеу кезінде, бақылау-касса машиналарында, сондай-ақ мемлекеттік және коммерциялық ақпараттық жүйелермен өзара іс-қимыл барысында қолданылады. ҰТК тауарлар туралы мәліметтерді біріздендіріп, тауар айналымының барлық кезеңінде деректер сапасын арттыруға мүмкіндік береді.
ҰТК-ны міндетті қолдануға дайындық кезеңінде жүйенің функционалдық мүмкіндіктері едәуір кеңейтілді. Мемлекеттік сатып алуға қатысатын тауар карточкаларын қабылдау, құру және сүйемелдеу үшін «бір терезе» қағидаты іске асырылып, бұл бюджеттік ұйымдарға өнім жеткізушілердің жұмысын жеңілдетті. Тауарлардың мемлекеттік сипаттамаларын құрылымдық өңдеу енгізіліп, каталогтың сыртқы ақпараттық жүйелермен өзара ықпалдастығы анағұрлым сенімді әрі тұрақты болды. Өтінімдерді өңдеу және оларды қайта келісімдеу процестері жетілдірілді, тауарлардың мемлекеттік және пайдаланушылық сипаттамаларымен жұмыс істеу мүмкіндіктері кеңейтілді. Сонымен қатар, тауар өндірушілердің құқықтарын қорғау жүйесінің функционалы мен тауарларды іздеу тетіктері де одан әрі дамытылды.
Пайдаланушылардың қолайлылығына да ерекше назар аударылды. Кеңейтілген тауар карточкасы мен мемлекеттік сипаттамалар интерфейсі түсінікті әрі функционалды бола түсті. Бұл жаңартулардың барлығы тауарлық деректерді басқару сапасын жақсартып, негізгі бизнес-процестерді жеделдетуге және каталогпен жұмысты анағұрлым ыңғайлы әрі сенімді етуге мүмкіндік берді.
2026 жылдың 1 қаңтарынан шілде айына дейінгі алты ай ішінде каталог барлық негізгі көрсеткіш бойынша айтарлықтай өсім көрсетті. Тіркелген тауарлардың жалпы саны 17,7 миллионнан 29 миллионға дейін ұлғайып, 60%-дан астам өсім көрсетті. Осы кезеңде GTIN коды берілген тауарлар саны 7,8 миллионнан 16,2 миллионға дейін өсіп, іс жүзінде екі есеге артты. Жүйеде тіркелген пайдаланушылар саны 39,3 мыңнан 64,9 мыңға дейін көбейіп, шамамен 65%-ға өсті. Бұл көрсеткіштер қазақстандық бизнестің каталогпен жұмысты барған сайын белсенді пайдаланып жатқанын көрсетеді. Кәсіпкерлер оны заңнама талаптарын орындау құралы ретінде ғана емес, сонымен қатар есеп жүргізу, логистика және сату процестерін тиімді ұйымдастыруға арналған ыңғайлы құрал ретінде де қолдануда.
Бүгінде каталогтағы тауар санаттарының ішінде ең үлкен үлесті киім-кешек пен күнделікті тұтыну тауарлары, көлік құралдары мен көлік жабдықтары, сондай-ақ инженерлік жүйелерге арналған жабдықтар мен материалдар құрайды. Тіркелген карточкалардың басым бөлігі дәл осы топтарға тиесілі. СЭҚ ТН кодтары бойынша жеңіл өнеркәсіп өнімдері – киім-кешек пен трикотаж бұйымдары, аяқ киім және тоқыма өнімдері көш бастап тұр. Бұл, жалпы алғанда, Қазақстандағы бөлшек сауда мен импорт құрылымын көрсетеді.
Ұлттық тауарлар каталогын міндетті пайдалануға көшу Қазақстанда тауарлар туралы деректердің бірыңғай цифрлық кеңістігін қалыптастырудағы маңызды кезеңдердің бірі болды. Бірыңғай анықтамалықты пайдалану тауарлар туралы ақпараттың сапасын арттыруға, қайталанатын жазбалар мен қателерді азайтуға, өнімді сәйкестендірудің бірыңғай тәсілдерін қамтамасыз етуге және сауда, логистика мен мемлекеттік сервистерді одан әрі цифрландыруға негіз қалауға мүмкіндік береді.
Тауарды тіркеуге өтінім беру, NTIN кодын алу және Ұлттық тауарлар каталогымен жұмыс істеу жөніндегі нұсқаулықпен nct.kz сайтында танысуға болады.