Тазалыққа ортақ талап керек – Қоғамдық кеңес төрағасы

АСТАНА. KAZINFORM — Тазалыққа қатысты қоғамға да, мемлекеттік органдарға да, бизнеске де түсінікті ортақ талаптар керек. Мұндай пікірді Экология және табиғи ресурстар министрлігі Қоғамдық кеңесінің төрағасы Елдос Абақанов білдірді.

Фото: Видеодан алынған кадр

— Президент «Таза Қазақстанның» мәні тек аумақтарды тазалау немесе ағаш отырғызумен шектелмейтінін бірнеше рет атап өтті. Негізгі мақсат — қоғамда тазалық мәдениетін, табиғатқа ұқыпты көзқарасты және азаматтық жауапкершілікті қалыптастыру. Бүгінде бастама жалпыұлттық сипат алды. 2025 жылдың қорытындысы бойынша «Таза Қазақстан» аясындағы экологиялық іс-шараларға 6,9 миллион адам қатысып, 1,1 миллион гектардан астам аумақ тазартылды, 844 мың тонна қалдық жиналды. Бұл — қоғамның тазалық мәселесіне бейжай қарамайтынын көрсететін маңызды көрсеткіш, — деді агенттік тілшісіне берген сұхбатында.

Фото: Виктор Федюнин/Kazinform

Оның пайымынша, ендігі міндет — осы белсенділікті тұрақты нәтижеге айналдыру.

— Біз өткізілген сенбіліктер немесе отырғызылған ағаштар санымен ғана шектелмеуіміз керек. Тазаланған аумақ кейін де таза болуы, ал отырғызылған ағашқа күтім жасалып, оның жерсінуі қамтамасыз етілуі қажет. Осы тұрғыдан алғанда, Ұлттық тазалық стандартын әзірлеу — «Таза Қазақстанның» заңды жалғасы деп есептеймін. Себебі тазалыққа қатысты қоғамға да, мемлекеттік органдарға да, бизнеске де түсінікті ортақ талаптар керек, — деді Елдос Абақанов.

Фото: Ақтөбе облысы әкімдігі

Қоғамдық кеңес төрағасының атап өтуінше, стандартта елді мекендердің көшелері, аулалары, саябақтары, қоғамдық орындары, жол жиектері мен басқа да аумақтарды күтіп ұстаудың негізгі талаптары белгіленуі тиіс. Бірақ ең бастысы — стандарт тек тазалау жиілігін немесе қоқыс шығару тәртібін белгілейтін құжат болып қалмауы керек. Ол түпкі нәтижеге бағытталуы қажет, яғни аумақ қаншалықты таза, абаттандырылған және тұрғындар үшін қолайлы болуы шарт.

Фото: Елдос Абақановтың жеке мұрағатынан

— Сонымен бірге еліміздің барлық өңіріне бірдей талап қою кезінде олардың ерекшеліктерін де ескерген жөн. Негізгі талаптар республика бойынша ортақ болуы мүмкін, ал нақты тетіктер климаттық және өңірлік жағдайларға бейімделуі керек. Мысалы, солтүстік өңірлер үшін қарды уақытылы тазалау мен шығару маңызды болса, оңтүстік өңірлерде көгалдандыру, суару және жасыл желекті сақтау мәселелері алдыңғы қатарға шығады, — деді ол.

Фото: Президенттің Іс басқармасы

Елдос Абақанов тағы бір маңызды мәселе ретінде жауапкершілікті атады. Оның айтуынша, егер белгілі бір аумақ тазартылса, оның әрі қарайғы жағдайына кім жауап беретіні түсінікті болуы керек. Ағаш отырғызылса, оның саны ғана емес, кейінгі күтімі мен жерсінуі де назарда болуы қажет.

— Сонда біз бір реттік шарадан нақты нәтижеге көшеміз. «Таза Қазақстанның» тұрақтылығы да осыған байланысты. Бір жағынан, мемлекет қажетті жағдай мен ортақ талаптарды қалыптастырады. Екінші жағынан, бизнес пен ұйымдар өз аумағына жауапкершілікпен қарайды. Ал тұрғындар тазалықты біреудің міндеті емес, өз ортасына деген қалыпты қарым-қатынас ретінде қабылдай бастайды. Сондықтан бүгінгі міндет — «Таза Қазақстан» аясында қалыптасқан қоғамдық белсенділікті жоғалтпай, оны тұрақты мәдениетке айналдыру. Ұлттық тазалық стандарты осы жұмыстың нақты негіздерінің бірі бола алады. Түпкі мақсат — жыл сайын қанша сенбілік өткізгенімізді айту емес. Нәтиже — қалаларымыз бен ауылдарымыздың тұрақты таза болуы және адамның өзі тұратын жерге деген көзқарасының өзгеруі. «Таза Қазақстан» — саналы таңдау және ортақ іс. Ал тазалық стандарты осы ортақ жауапкершілікті күнделікті өмірде нақты іске айналдыруға мүмкіндік беруі тиіс, — деді қоғамдық кеңес төрағасы.

Бұған дейін утильалым мен EcoQolday «Таза Қазақстан» акциясына қаншалықты үлес қосқанын жазған едік.