Ұлттық ұлан қызметкерлері жұмыс орнынан анықтаманы енді онлайн ала алады

Фото: ҚР Ұлттық ұланы

АСТАНА. KAZINFORM – Жаңа қызмет түрі eGov.kz порталынан алуға болады.

Порталдың хабарлауынша, аталған тәсіл ресми құжатты бірнеше минутта рәсімдеуге мүмкіндік береді. Бұл шешім құжат жайындау үдерісін айтарлықтай жеңілдетіп, уақытты да үнемдейді.

- Аталған қызмет ҚР ІІМ Ұлттық ұлан қызметкерлері үшін ғана қолжетімді және ол тегін көрсетіледі. Өтінім берген қызметкердің жұмыс істейтін жері расталса, анықтама автоматты түрде дайындалып, оны көшіріп алуға мүмкіндік туады, - делінген электронды үкімет хабарламасында.

Өтінім берген адам ҚР Ұлттық ұланда қызмет етпейтін болып шықса, жүйе себеп-салдарын түсіндіре отырып, анықтама беруден бас тартады. Құжат күнтізбелік 10 күнге дейін күшінде болады.

Еске сала кетейік, биылғы жылдың 26 мамырында Қазақстанда «Қазақстан Республикасы азаматтарына паспорттар мен жеке куәліктерді беру» мемлекеттік қызметін онлайн форматта көрсетуге арналған пилоттық жоба іске қосылды.

Осыған дейін қазақстандықтардың жеке куәлікті қалай онлайн ала алатыны туралы материал жарияладық.