Ұлттық ұлан сапында төрт егіз жұп әскери борышын өтеп жүр

Фото: Ұлттық ұлан

АСТАНА. KAZINFORM — Биыл ҚР ІІМ Ұлттық ұланына қарасты 5513 әскери бөліміне Отан алдындағы қасиетті борышын өтеуге төрт егіз жұп шақырылған. Олар бүгінде әскери міндетін Тараз қаласында өтеп жатыр. Бұл туралы Ұлттық ұланның баспасөз қызметі мәлім етті. 

— Әскерге шақыру кезінде сарбаздардың егіз екені анықталған сәттен бастап, Ұлттық ұланның әскери бөлім қолбасшылығы оларды бір-бірінен ажыратпай, қатар қызмет етуіне жағдай жасайды. Бұл шешім тек тұрмыстық қолайлылық емес, әскери ортадағы психологиялық тұрақтылық пен өзара қолдауды нығайтудың тиімді үлгісі ретінде бағаланады, — делінген хабарламада.

Ұлттық ұлан қатарына былтыр Алматы облысынан шақыртылған 22 жастағы Диас пен Илияс Төлепбергендер бүгінде Отан алдындағы борышын абыроймен өтеп жүр. Егіздердің бірі — Диас «Сарбаз 2.0» бағдарламасы аясында жоғары оқу орнында тегін білім алу мүмкіндігіне ие болып, әскери қызмет пен болашақ кәсіби даму жолын ұштастыра білді.

Фото: Ұлттық ұлан

Ал 19 жастағы Эльхан мен Эльшан Нуриевтер үшін әскери қызмет спорттағы жетістіктерін жаңа деңгейге көтерудің алаңына айналды. Олар әскерге дейін де, әскер қатарында да армрестлинг спорт түрінен үздіктер қатарынан көрініп келеді.

Түркістан облысынан шақыртылған 19 жастағы Нұрсұлтан мен Ерсұлтан Беркішовтар егіз болғанымен, сыртқы келбеті мен мінез-құлқы бір-біріне қатты ұқсамайтын ерекше жұп. Алайда қызметке деген жауапкершілік пен тәртіпке адалдық оларды бір мақсатта тоғыстырады.

Фото: Ұлттық ұлан

Шымкенттік Аман мен Есен Қонар — көпбалалы отбасының үлкендері. Олардың артынан ерген екі ұл мен төрт қыз бар. Бүгінде егіз сарбаздар № 58 түзеу мекемесінде қарауылдық қызмет атқарып, отбасына үлгі болумен қатар, ел қауіпсіздігін қамтамасыз етуге өз үлестерін қосып жүр.

Ұлттық ұлан сапында бір мезетте бірнеше егіз жұптың қызмет етуі — бұл әскери құрылымдағы адамгершілік, бауырмалдық пен әскери тәртіптің үйлесімді көрінісі. Мұндай сирек жайттар әскери қызметтің тек қатаң талаптарға емес, рухани тұтастыққа да негізделетінін айқын дәлелдейді.

Еске сала кетейік, бұған дейін Ұлттық ұланда бес түркі тілін жетік меңгерген сарбаз қызмет етіп жүргенін жазған едік.