4 мамырдағы жағдай бойынша Атырау облысында 5546 (Атырау қ.) және 5451 (Қарағанды қ.) әскери бөлімдерінен 1 000-ға жуық әскери қызметші және 30 техника тасқынға қарсы іс- шараларға жұмылдырылған. Ұландықтар полицейлермен және құтқарушылармен бірлесіп инертті материалдары бар қапшықтарды дайындау және жағалауды нығайту жұмыстарын жүргізуді жалғастыруда.
150-ге жуық әскери қызметші Еркінқала, Рембаза шағын ауданында су тасқынына қарсы іс-шараларға қатысуда. Оның ішінде 20 сарбаз келіп түскен гуманитарлық көмекті түсіруге және тиеуге тартылды.
Сонымен қатар 400 қарағандылық әскери қызметші Ракуша және Бесікті кентінде, Балықшы, Көк Арна – Балық зауыты, Жаңаталап шағын аудандарында, Атырау-Индер-Бесікті тас жолында, Суарнасы-Орталық, ФОК-да қапшықтарды дайындауға және жағалауды нығайту жұмыстарына атсалысып жатыр. Құлсары қаласының аумағында қоғамдық тәртіпті сақтауды 5451 әскери бөлімінің күзетшілері қамтамасыз етуде. Әскери қызметшілер осы ірі елді мекенде екі ауысымда патрульдік-бекеттік қызмет атқарады.
Бұдан бөлек, 5517 (Орал қ.) және 6655 (Ақтөбе қ.) әскери бөлімдерінің 250-ден астам әскери қызметшісі күндіз-түні өз өңірлеріндегі су басқан аумақтарда патрульдік-бекеттік қызмет атқарады. 6697 (Қостанай қ.), 6637 әскери бөлімдерінің және ҚР Ұлттық ұланы академиясының 200-ге жуық құқықтық тәртіп сақшылары өз өңірлеріндегі Тобыл қаласы, Бескөл ауылы, Тепличный ауданы және Подгора шағын ауданында қоғамдық тәртіпті қадағалауды жалғастырып жүр.
Су басқан өңірлерде су тасқынына қарсы іс-шаралар басталғаннан бері салдардың алдын алу және жою үшін 3 000-нан астам ұландық жұмылдырылды. Олар 120 автомобиль техникасы мен 6 әуе кемесін пайдаланды. Сондай-ақ 1 781 адам эвакуацияланды, ұзындығы 150 км-ден астам жағалауды нығайту жұмыстары жүргізілді, 1 миллион 552 мың қап дайындалып, төселді, су тасқыны орындарына 160 тоннадан астам гуманитарлық жүк жеткізілді және күзетшілер 2 700 тонна көмекке жіберілген жүктерді түсірді.