Мысалы, бір ғана 5573 бригадасында өз борышын өтеген 100 сарбаз мерзімді әскери қызмет барысында жинаған тәжірибесін кәсіби деңгейде жалғастырып, ел қауіпсіздігін қамтамасыз етуге үлес қосуды мақсат етіп отыр.
Елордалық бригаданың саптық алаңында кәсіби әскери қызметке қалып жатқан сарбаздарды Ішкі істер министрінің орынбасары – Ұлттық ұланның Бас қолбасшысы генерал-лейтенант Аңсаған Балтабеков құттықтады. Кездесу барысында әскери қызметтің артықшылықтары мен болашақ мүмкіндіктері де айтылды.
Сондай-ақ әскери қызметке қалған жас мамандарға қызметтік баспана кілттері табысталды. Мұндай бастама әскери қызметшілерді әлеуметтік тұрғыдан қолдауға және олардың қызметке деген ынтасын арттыруға бағытталған.
- Алдағы уақытта аталған сарбаздар жауапты лауазымдарға тағайындалып, жеке құрамның қызметін жетілдіруге атсалысады. Осылайша, әскери әлеует пен әлеуметтік қолдаудың үйлесімі жастардың әскери мамандықты саналы түрде таңдауына жол ашып отыр. Кейінгі жылдары Ұлттық ұлан заманауи техникалармен қарқынды түрде жабдықталды. Жаңа бронды көліктер, жетілдірілген байланыс құралдары, арнайы мақсаттағы техникалар – мұның бәрі әскери қызметтің сапасын жаңа деңгейге көтерді, - делінген хабарламада.
Айта кетейік, бүгінде 7 мыңнан астам ұландық еліміздің 21 қаласында қоғамдық тәртіпті күзетеді. Сондай-ақ 2 мыңнан аса сарбаз мемлекеттік маңызы бар нысандар мен ҚАЖ мекемелерінің қауіпсіздігін қамтамасыз етіп жүр.
Елімізде Президент Жарлығына сәйкес 2026 жылғы 17 наурыз бен 30 маусым аралығында өтетін көктемгі әскерге шақыру науқаны әлі жалғасып жатыр.