Ұлттық ұланның әскери бөлімдерінде 40-қа жуық егіз жұп қызмет етіп жүр

АСТАНА. KAZINFORM - Құқықтық тәртіп әскерінде егіздерді бір-бірінен ажыратпау дәстүрі қатаң сақталған. Олар бір әскери бөлімшеде бірге қызмет атқарады.

Фото: Ұлттық ұлан

Бүгінде Қазақстан бойынша Ұлттық ұлан сапында 40-қа жуық егіздер жұбы ел қауіпсіздігін қамтамасыз етуге үлес қосып жүр.

Фото: Ұлттық ұлан

Солардың қатарында Астана қаласындағы жедел бригадада қызмет ететін Алмас пен Олжас Сүлейменовтер және 6636 әскери бөлімінде борышын өтеп жүрген Ростислав пен Ярослав Тарандар бар. Бір қызығы, қос әскери бөлімде қызмет етіп жүрген егіз жауынгерлердің туған жерлері де бір – Павлодар қаласы.

Фото: Ұлттық ұлан

Сүлейменовтер елорда тыныштығын күзетуге атсалысса, Тарандар әскери бөлімнің қарауыл қызметін мінсіз атқарып келеді. Егіздерді алғаш көрген адам бірден ажырата алмайды. Десе де, қызметтестері уақыт өте келе олардың мінезі мен болмысындағы ерекшеліктер арқылы ажыратуды үйренген.

Фото: Ұлттық ұлан

5573 әскери бөлімінің сарбазы Алмас Сүлейменовтің айтуынша, әскерде егіз бауырыңмен бірге қызмет атқарудың орны бөлек.

– Бала кезден бірге өстік, енді Отан алдындағы борышымызды да қатар өтеп жатырмыз. Бұл біз үшін үлкен мақтаныш әрі ұмытылмас кезең. Бір-бірімізге әрдайым қолдау көрсетіп, қатар дамып келеміз. Отан алдындағы борышымызды бірге өтеп жатқанымызды мақтан тұтамыз, – дейді қатардағы Алмас Сүлейменов.

Фото: Ұлттық ұлан

Ұлттық ұландағы егіз сарбаздардың қызметі – бауырластықтың, бірліктің және Отанға деген адалдықтың жарқын көрінісі. Олар күн сайын әскери антқа адал болып, жүктелген міндетті абыроймен орындап келеді.

Фото: Ұлттық ұлан

Егіздердің өнегелі жолы елге қызмет етудің тек парыз ғана емес, үлкен мақтаныш екенін тағы бір мәрте дәлелдейді.

Бұған дейін бірі жол апатын тергеп, екіншісі қоғамдық тәртіпті күзететін егіз полицейлер туралы жазған едік.