Ұлттық және Орталық мемлекеттік архивтерге «ұлттық» мәртебе берілмек

Фото: Ұлттық архив

АСТАНА. KAZINFORM – Ұлттық архив пен Орталық мемлекеттік архивке «ұлттық» мәртебе берілмек. Бұл туралы Сенат депутаттарының сауалына Премьер-министр Олжас Бектеновтің жауабында айтылған.

- Үкіметтің заң жобалау жұмыстарының жоспарына сәйкес «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне архив ісі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасына өзгерістер енгізу жұмыстары жүргізілуде. Оның аясында Ұлттық архиві мен Орталық мемлекеттік архивтерге «ұлттық» мәртебе беру бойынша депутаттардың бастамасымен әзірленген түзетулер Үкіметте пысықталуда. Алдағы уақытта Үкімет қорытындысы заңнамада белгіленген тәртіппен жолданатын болады, - деді Үкімет басшысы жауабында.

Премьер-министр дерегінше, республика бойынша архив қызметкерлерінің орташа жалақысы 2024 жылы 201 622 теңгені (2021 жылы 127 929 теңге, 2022 жылы 149 905 теңге, 2023 жылы 193 117 теңге) құрады.

- Биыл қаңтарда архившілердің жалақысы 17 пайызға (орташа жалақы 260 999, ең төменгі жалақы 191 939 теңге болды) өсті. Экологиялық апат аймағында, ауылдық жерлерде тұру бөлігінде көзделген қосымша ақылар және ерекше еңбек жағдайлары үшін қосымша ақылар төленеді, - деді Олжас Бектенов.

Бұған дейін еліміздегі архив құжаттардың 25 пайызы электрондық форматқа көшірілгенін жазған едік.