Ұлттық академиялық кітапхана базасында Қазақстан халқы Ассамблеясының депозитарлық кітапханасын ашу жоспарлануда

АСТАНА. Наурыздың 28-і. ҚазАқпарат - Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары Е.Тоғжанов пен Ұлттық академиялық кітапханасының бас директоры Р.Бердіғалиева ынтымақтастық туралы келісімге қол қойды,

деп хабарлайды ҚазАқпарат. Келісім аясында Ұлттық академиялық кітапхана базасында Қазақстан халқы Ассамблеясының депозитарлық кітапханасын ашу жоспарлануда. Аталған шараның негізгі мақсаты ? ұлттық саясат саласындағы мемлекет жетістіктерін ақпараттық қолдауды қамтамасыз ету, халық бірлігін сақтау және дағдарысты жеңудің басты шарты ретінде қазақстандық қоғамның рухани мәдениетін нығайтуға жағдай жасау. «Қазіргі таңда, әлемде ақпараттық қоғам құру, бәсекеге қабілеттілікке қол жеткізу мен ұлтты рухани байытудың бір шарты болып табылып, кез-келген елдің басымдық беретін міндетіне айналды. Мемлекет басшысы «Экономиканың өркендеуімен қатар, мәдениет пен өнер, қазақ тілі, халқымыздың дәстүрлері мен өмірлік философиясының өркендеуі қатар жүруі тиіс», - деп Қазақстан қоғамына жол сілтеген еді. «Осы міндеттері жүзеге асыру бағытында Ұлттық академиялық кітапхананың алар орны ерекше», - деді Е. Тоғжанов. Ассамблеясы Төрағасының орынбасары «кітапхана базасында депозитарлық кітапхананың ашылуы Ассамблеяға кітапхана жүйесінде өзінің ақпараттық «орнына» ие болуға мүмкіндік беретінін айтты. Бұл бастама қажетті мәліметтерді алыс аудандарға тарату мақсатында кітапхана құрылымдарының мүмкіндігін толықтай пайдалануға жағдай жасайды. Сонымен қатар, оқырман қауым депозитарлық базалар арқылы Қазақстан халқы Ассамблеясы және оның құрылымдары - этномәдени бірлестіктер, Ғылыми-сараптамалық кеңес, Қоғамдық қор және өзге құрылымдардың қызметі туралы толықтай ақпаратпен таныса алады. Ұлттық академиялық кітапхананың директоры Р.Бердіғалиева аталған шараны қорытындылап, бұл орталықтың мәдениетаралық диалогты нығайту, мемлекеттік және еліміздегі барлық этностардың тілдері, мәдениеті мен дәстүрін дамыту, сонымен қатар, олардың тарихи отандарымен байланысын нығайту бағытындағы бірлескен іс-шараларды өткізуге әзір екендігін білдірді.