Ұлттық академиялық кітапханада Тұрсынбек Кәкішевтің жеке кітапханасы «Ғалым» залы ашылды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін ҚР Ұлттық академиялық кітапханасында Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген ғылым қайраткері, Халықаралық жоғары мектептер ғылым академиясының құрметті академигі Тұрсынбек Кәкішевтің жеке кітапханасы «Ғалым» залы ашылды.

«Осы ашылып отырған үлкен оқу залына Тұрсынбек Кәкішевтің аты беріліп отыр. Ғалымның бұл залына келіп, біліммен сусындайтын, ғылымға өзін қалыптастыратын болашақ қазақтың ұрпағы талай қажетті дүниесін табатын болады», - деді Парламент Сенатының депутаты, Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы Нұрлан Оразалин.

2015 жылы өмірден өткен ғалымның жеке кітапханасында гуманитарлық ғылымдар бойынша бес мыңға жуық кітап, сондай-ақ белгілі жазушылар Сәкен Сейфуллин, Сәбит Мұқановтардың өмірі мен қызметіне қатысты құнды мұрағаттық құжаттар бар. Ғалымның қолжазбалары, мұрағаттық құжаттары мен басқа да материалдарынан құралған 83 папка құжат кітапханаға сыйға берілді.

Тұрсынбек Кәкішевтің жеке кітапханасын ғалымның жұбайы, филология ғылымдарының докторы, профессор Күләш Садыққызы Ахмет ҚР Ұлттық академиялық кітапханасының қорына тарту етті.

Өз кезегінде ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы ғалымның жинаған ғылыми мол қазынасын кітапханаға тарту еткені үшін алғысын айтты.

«Ғалымның өзінің жеке қолжазбалары, ізденіп тапқан құнды материалдары қамтылған. Бұның барлығы алдағы уақытта зерттеуді қажет ететін шығармалар», - деді министр.

Айта кетейік, залдың ашылуы аясында «Мағжан-Сәкен» кітабының тұсауы кесілді.

Кәкішев кітапханасын өте үлкен әрі қоры бай жеке кітапханалардың бірі деп  атауға болады. Кітапханадан иесінің өзінің ірі тұлға екендігі - оның энциклопедизмі, кең ой-өрісі, ынта-жігері, терең білімділігі көрінеді. Сыйға тартылған туындылар қатарында араб тіліндегі сирек басылымдар және латын әліпбиіндегі қазақ балалар әдебиеті, көркем әдебиеттер, әдебиеттану, тарих, архитектура, өнер, энциклопедиялар топтамалары, анықтамалықтар, отандық журналдар, антикалық авторлардың кітаптары да көптеп табылады, сондай-ақ қырғыз, қытай және түрік тілдеріндегі туындылар да кездеседі.   

Тұрсынбек Кәкішевтің кітапханасы жаңа «Ғалым» залында орналасқан. Жаңа зал ақпараттық, мәдени және білім беру міндеттерін атқарады. Негізгі міндеті - пайдаланушыларға, сол қатарда зерттеушілерге, магистранттарға, ғалымдарға ақпараттық-библиографиялық қызмет көрсету, мәдени-көпшілік іс-шаралар өткізу.