Ұлттық әл-ауқат қорының тиімділігін корпоративтік басқару тетіктерінің көмегімен мониторингілеу жүйесі көзделеді

АСТАНА. 11 қаңтар. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Бүгін ҚР Парламенті Сенатының жалпы отырысында палата депутаттары «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне «Ұлттық әл-ауқат қоры» қызметінің мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын екі оқылымда қарап, қабылдады.

Аталған заң жобасы Сенат қабылдаған «Ұлттық әл-ауқат қоры туралы» заңда көзделген нормаларды жүзеге асыру мақсатында әзірленген. Бұл ретте заң жобасымен Қылмыстық, Бюджет кодекстеріне және «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы», «Акционерлік қоғамдар туралы», «Мемлекеттік мүлік туралы» заңдарына өзгерістер енгізіледі.

Атап айтқанда, құжат бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнаманың нормалары қолданылатын адамдар тобын неғұрлым нақты реттеуге бағытталады. Осыған байланысты «Ұлттық әл-ауқат қорына» және оның тобына кіретін ұйымдарға қатысты сыбайлас жемқорлық құқықбұзушылықтардың субъектілерін айқындау мақсатында басқару функцияларын атқаратын адамдарға қатысты  ұғымдар нақтыланатын болады. Бюджет кодексіне «Ұлттық әл-ауқат қоры» тобына кіретін ұйымдарға мемлекеттік тапсырма тетігін қолдануды белгілейтін норма қамтылады.

Сонымен қатар, Қор қызметіне қатысты оның тиімділігін корпоративтік басқару тетіктерінің көмегімен мониторингілеу жүйесі көзделеді. Бұдан бөлек, Қордың барлық компанияларының қызмет нәтижелерін жыл сайынғы негізде тыңдау жөнінде Қор Басқармасының құзыреті көзделеді. Ал Әл-ауқат қоры тобының ұйымдары үшін сатып алу қағидаларын Қордың директорлар кеңесі бекітетін болады.