Ұлттық Банк ақша-кредит саясатын әзірлеген кезде ХВҚ болжамдарын ескерді - Ғ.Пірматов

АСТАНА. ҚазАқпарат - Халықаралық волюта қоры және Қазақстан Үкіметінің 2016 жылға арналған болжамдарын салыстыруға болады. ҚР Ұлттық Банкі 2016 жылға арналған ақша-кредит саясатын әзірлеген кезде осы деректерді ескерді. Бұл жөнінде бүгін ведомство басшысының орынбасары Ғалымжан Пірматов хабарлады.

Ол ХВҚ өзінің World Economic Outlook есебінде 2016 жылы Қазақстан экономикасының өсу болжамын 2,2-ден 0,1%-ға дейін төмендеткенін еске салды.
Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық дамуының 2017-2021 жылдарға арналған болжамына сәйкес, 2016 жылға ІЖӨ-нің өсуі 1,7%-дан 0,5%-ға дейін қайта қаралды.

«Жалпы алғанда, ақша-кредит саясаты бойынша, атап айтқанда базалық мөлшерлеме бойынша шешімдер қабылдаған кезде ішкі аспектілер (инфляция үшін тәуекелдер, қаржылық тұрақтылық үшін тәуекелдер, экономиканы долларландыру деңгейі), сондай-ақ сыртқы факторлар (мұнайдың әлемдік бағасы, айырбастау бағамдары және сауда әріптес елдердегі жағдайлар) да ескеріледі. Сыртқы экономикалық ахуалды бағалау үшін халықаралық ұйымдар, оның ішінде ХВҚ, Дүниежүзілік Банк жариялайтын болжамдар ескеріледі», - деп түсіндірді Ғ. Пірматов.

Бұл ретте, оның айтуынша, елдегі экономикалық ахуалға сыртқы факторлардың айтарлықтай ықпалына болжамды раундтар жүргізген кезде ХВҚ болжамдарының маңызды рөлі себеп болды, бұлар Ұлттық Банктің базалық мөлшерлеме бойынша шешімдер қабылдауға негіз болады.