Геосаяси шиеленістің сақталуы аясында болып жатқан қақтығыстың ұлғаюы мен ұзақтығына қатысты белгісіздіктің жоғары деңгейі сақталып отыр. Бұл жағдайда, қазіргі уақытта қандай да бір болжам жасау өте қиын.
«Қазіргі уақытта VIX – «үрей индексі» деп аталатын индекс инвесторлардың жуық арада нарық қозғалысының бағытына қатысты алаңдаушылығын көрсете отырып, жоғары деңгейде деп саналады. Нарықтың геосаяси жағдайға қатысты алаңдаушылығынан бөлек, инвесторлар АҚШ ФРЖ тарапынан монетарлық күшейту ауқымының басталуын күтеді. Америкалық реттеушінің мәлімдеуі бойынша, ФРЖ-ның жуырдағы отырысында, яғни наурыз айында мөлшерлеме 0,25%-ға өзгеріп, оны көтеру кезеңі басталмақ. Соған қарамастан, валюта нарығымыз үшін мұнай бағасы және басқа да экспортталатын шикізат тауарлары сияқты іргелі факторлар қолайлы кейіпте қалыптасып отыр. Сондықтан біздің экспорттаушылардың валюталық түсімі объективті түрде өсуге тиіс. Бұл біздің нарықтағы шетел валютасын ұсыну көлеміне қатысты», - деп түсіндірді ҰБ өкілі.
Қазіргі уақытта шетел валютасына сұраныс көлемі іргелі факторлардың әсерімен емес, белгісіздік жағдайында халық пен бизнестің алаңдаушылығымен анықталады. Қазақстанның экспорты мен саудасына санкциялардың жоқтығын назарға ала отырып, нарық қатысушыларының мұндай қауіптері шамадан тыс саналады.
«Ресей рублінің бағамы нарық әсерінде және тәуекел-сентименттің өзгеру ықпалында болып, іргелі факторларды көрсетпейді, сондықтан теңгенің серпіні рубльдің жай-күйіне байланысты болмайды және бұл жағдайдың орын алуы негізді. Нарықтағы белгісіздік жағдайында біз орынсыз үрейленбеуге және шетел валютасын сатып алуда саралы шешім қабылдауға кеңес береміз. Ұлттық банк нақты уақыт режимінде әлемдегі жағдайды қадағалап отырады және жағымсыз сценарийлер іске асырылған жағдайда, ішкі қаржы нарығындағы тұрақсыздықтың алдын алу үшін барлық қажетті құралдарға ие болыр отыр», - деді Әлия Молдабекова.