Ұлттық банк әзірше ұлттық төлем жүйесін құру туралы мәселені қарастырып отырған жоқ
«Ұлттық банк банкаралық жүйе құруға құқылы, бұған банктер арасындағы Қазақстан ішінде карточкалық транзакцияны басқару да кіреді. Бұл дұрыс бағыт. Сонымен қатар, Ұлттық банк осы нарықта қатысуды дұрыс санайды. Алайда, қазіргі кезде Ұлттық банк қандай да бір жеке ұлттық төлем жүйесін құру туралы мәселені қарастырып отырған жоқ», - деді депутаттар сауалына жауап берген Д. Ақышев.
Оның айтуына қарағанда, қауіпсіздік тұрғысынан, тұтынушылардың құқықтарын қорғау тұрғысынан алғанда Ұлттық банк төлем нарығы жүйесіне қатысуы керек. «Ал Ұлттық банктің екінші деңгейлі банктермен өзара қарым-қатынасы мәселелеріне келсек, бұл мәселе әлі талқыланып жатыр. Біз Үкіметпен бірлесе отырып, белгілі бір қорытындыға келеміз деп ойлаймын, Оның нәтижесінде Парламентке арнайы өзгерістермен де келуіміз мүмкін. Сондықтан да, қазіргі таңда қандай да бір ұлттық төлем жүйесін құру туралы әңгіме айту ертерек. Ал негізгі әңгіме тек осы нарыққа Ұлттық банктің қатысуына байланысты техникалық мәселелер тұрғысында болып отыр», - деді Бас банкир.
Дегенмен, ҰБ басшысы келешекте Қазақстанның жеке ұлттық төлем жүйесін енгізу мәселесі де жоққа шығарылмайтынын мәлімдеді. «Ұлттық төлем картасы секілді ұлттық төлем жүйесін енгізу жоққа шығарылмайды. Болашақта осы мәселеге айналып соғуымыз мүмкін. Өйткені, қазіргі таңда түрлі елдер санкцияға ұшырап жатыр. Бұндай тәуекелдерді ескермеуге болмайды. Сондықтан да, бізге де бір қауіпсіз әрі қосымша буфер болуы керек деп ойлаймын. Әрине, мен олай болмауын тілеймін. Қазіргі жүйеміз халықтың мүдделерінен шығады», - деді ол.