«Экономист ретінде Жолдауда айтылған бастамаларды құптаймын. Айтылған ойлардан Үкімет Президентті ұятқа қалдырып отыр деген түйін аңдадым. Шын мәнінде, Мемлекет басшысы бұл жолғы Жолдауда көтерген мәселелер жылдар бойы айтылып жүр. Бұрынғы Жолдауларда да, сайлауалды бағдарламаларда да айтылып келеді. Соның ішінде зейнетақы жүйесіне қатысты мәселе де бар. Жаңа экономикалық саясаттың міндеттері кейінгі үш жылда бірнеше рет берілді. Мен соның соңғы редакциясын көрдім. Жаңа ештеңе жоқ. Соған қарап Үкіметтің қолынан жаңа экономикалық саясат қалыптастыру ісі келмеді деп айтуға болады», - деді сарапшы.
Партия өкілі Үкіметтің жүргізіп отырған экономикалық саясаты мен Ұлттық банктің «неолибералды» ұстанымы туралы ойын айтты.
«Дамыған елдердің бәрінде базалық мөлшерлеме инфляциядан төмен болып келеді. Ал бізде базалық мөлшерлеме міндетті түрде оң сипатты болу керек деген ұстаным бар. Үнемі инфляция мәнінен жоғары ұстап отыр. Парламент қабырғасында осының бәрі қызу талқыланбайтыны өкінішті. Мұның бәрі ақшаның жетіспеуіне, несиелердің азаюына әкеліп тіреді. Жұмыс орындары азайып барады. Себебі ұзақ мерзімді ликвидтілік тапшылығы байқалып отыр. Туындаған дағдарысқа Ұлттық банктің монетарлық саясаты себеп болып отыр», - деді ол.
Айтуынша, Ұлттық банктің бірінші басшысын ауыстырғаннан бұл мәселе шешіле салмайды.
«Яғни, жылдар бойы осындай ұстаныммен жұмыс істеп үйреніп қалған департамент басшысы мен орынбасары деңгейіндегі шенеуніктердің бәрін аластау қажет», - деді Рахым Ошақбаев.