Ұлттық банк: Базалық мөлшерлемені көтеру циклі аяғына жақындап қалды

АСТАНА. ҚазАқпарат – Ұлттық банктің басқарма төрағасы Ғалымжан Пірматов базалық мөлшерлемені көтеру циклі аяқталуға жақын екенін мәлімдеді. Яғни, аяқ астынан күтпеген құбылыстар болмаса, базалық мөлшерлеме алдағы уақытта көтеріле қоймайды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бұл туралы ол базалық мөлшерлемені көтеру себептеріне арналған брифингіде айтты.

«Ұлттық банк базалық мөлшерлемені көтеру циклін аяқтауға жақындады. Қабылданған шешім ескерсек, базалық мөлшерлеменің деңгейі барынша жоғары деп бағаланады. Мөлшерлемені ұзақ уақыт бойы қазіргі деңгейлерде сақтау инфляцияны тұрақтандыруға және оны орта мерзімді перспективада біртіндеп төмендетуге мүмкіндік береді. Жаңа проинфляциялық күтпеген өзгерістердің, болмаса, ақша-кредит саясатын одан әрі қатаңдату ықтималдығын төмен деп бағалаймыз», - деп түсіндірді Ұлттық банк басышсы.

Айта кетейік, бүгін Ұлттық банк базалық мөлшерлеменің деңгейін 16,75% деп белгілеген болатын.

Сондай-ақ, Ғалымжан Пірматов жыл аяғына дейін елдегі инфляция 20-21% болатыны туралы болжам жасады.

«Базалық сценарийдегі болжам айтарлықтай қайта қаралды. 2022 жылдың соңына дейін инфляция 20-21% шегінде қалыптасады. Біз 2023 жылғы 1-тоқсанда жылдық инфляцияның шарықтау шегіне жететінін болжаймыз.

Сауда құрылымындағы өзгерістердің ұзаққа созылуы тұтыну тауарларының азық-түлікке жатпайтын сегментінде көрініс тауып отыр. Салдарынан инфляцияның артуына себепкер болатын алғышарттар қалыптасып отыр. Дезинфляциялық сыртқы ортада инфляция бойынша болжам 2023 жылдың соңына қарай 11-13%-ға дейін көтерілді. 2024 жылы инфляция 7-9%, 2025 жылы 4-6% шегінде болжанады», - деді ол.