Ұлттық банк базалық ставканы неліктен 16,75% деңгейінде сақтап қалғанын түсіндірді

АСТАНА. ҚазАқпарат – Ұлттық банк төрағасы Ғалымжан Пірматов базалық мөлшерлемені 16,75 пайыз деңгейінде сақтау себебін түсіндірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Ұлттық банктің ақша-кредит саясаты комитеті базалық мөлшерлемені 16,75% деңгейінде сақтау туралы шешім қабылдады. 2022 жылдың басынан бері жылдық инфляция алғаш рет төмендеп, наурызда 18,1 пайызды көрсетті. Инфляцияның төмендеуі – күтілген жағдай және Ұлттық банктің болжамдарында ескерілген болатын. Айлық және базалық инфляция да төмендеуін көрсетті, бірақ әлі де жоғары қалпында қалып отыр. Ақпанда күрт төмендеп, наурызда қайтадан өскен инфляциялық күтулердің тұрақсыздық тәуекелі ішінара іске асты. Осылайша, елдегі инфляциялық процестердің кейбір оң өзгерістері байқалып отыр, бірақ ол өзгерістің барлығы тұрақты түрде төмендеу сипатын білдіреді деп айтуға әлі ерте. Оң динамикаға қарамастан, инфляцияның айлық көрсеткіші әзірге нормадан едәуір асып тұр», - деді ол.

Оның атап өтуінше, болашақта инфляцияның төмендеуін тежейтін және оның жеделдеу тәуекелін арттыратын ішкі және сыртқы факторлар сақталып, ішінара іске асып жатыр.

Жанар-жағармай нарығында және тұрғын-үй коммуналдық шаруашылық қызметтерінде баға белгілеудің мерзімі жеткен реформалары инфляциялық процестерге тікелей және жанама әсер етеді.

Алайда, орта және ұзақ мерзімді кезеңде нарықтық бағалар экономика секторларының дамуына және инфляциялық процестердің жақсырақ болжануына оң әсер етеді.

«Мемлекеттік шығыстардың ұлғаюы мен фискалдық қағидаларды уақытша ұстанбау да проинфляциялық факторларды күшейтеді. Инфляцияның тұрақты төмендеу траекториясына қол жеткізу – біздің негізгі міндетіміз болып қалып отыр. Осыған байланысты Ұлттық банк бұған дейін айтылған ұстанымына сәйкес, инфляциялық процестердің бәсеңдеуін қолдау мақсатында базалық мөлшерлемені қазіргі деңгейде сақтау туралы шешім қабылдады. Біздің алдағы іс-әрекеттеріміз мамырда жаңартылған болжам нәтижесінде, оның ішінде жаңа деректер мен жанар-жағармай нарығындағы және тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығындағы реформаның параметрлеріне байланысты болады», - деді ҰБ төрағасы.