Ұлттық банк: Биыл инфляцияның болжанған деңгейден асып кету қаупі бар

АСТАНА. ҚазАқпарат - Биылғы жыл соңына дейін еліміздегі инфляция болжанған деңгейден асып кету қаупі бар. Бүгін ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаевтың жетекшілігімен өткен Үкімет отырысында ҚР Ұлттық банкінің төрағасы Данияр Ақышев осылай мәлім етті.

«Ұлттық банк үшін негізгі индикатор инфляция көрсеткішінің 2016 жылға арналған болжамы болып табылады. Бұл 6-8 пайыз дәлізі аралығында анықталды. Жаз айларында инфляция Ұлттық банктің күтілгенінен жоғары болды. Осыған орай, Ұлттық банк пен Үкіметтің 2016 жылға  белгіленген инфляция 6-8 пайызынан асып кету қаупі бар», - дейді Д. Ақышев. 

Оның айтуынша, Үкімет пен жергілікті атқарушы органдар баға мен тарифтердің өсіп кетуіне жол бермеу бойынша шаралар кешенін іске асырған жағдайда 2016 жылы инфляция деңгейін бекітілген болжамға қол жеткізуге болады. «Ұлттық банк өз тарапынан ақша және валюта нарықтарында тұрақтылықты қамтамасыз етуге бағытталған айқын ақша-кредиттік саясатын жалғастыруды қамтамасыз ететін болады», - деді Д. Ақышев.