«Экономиканы теңге ресурстарымен қамтамасыз етуге келсек, бұндағы Ұлттық банктің басты міндеттерінің бірі экономиканы ұзақ мерзімдегі теңге өтемділігімен қамту болып табылады. Бұл ретте жұмыс бірқатар бағытта өрбуде. Біріншіден, теңге депозиттерінің тартымдылығын арттыру. Екінші деңгейлі банктердегі ұлттық валютадағы депозиттердің өсу үлесі экономиканы теңгемен кредиттеуге көп мүмкіндік береді. Ақпан айынан бастап Ұлттық банк сыйақының ең жоғары ставкасын жеке тұлғалардың депозиттері бойынша он пайыздан он төрт пайызға дейін арттырып отыр», деді Д. Ақышев.
Бас банкирдің айтуына қарағанда, бұл ағымдағы ахуалды есепке алғанда халық үшін ең тиімді жағдай болып табылады. Сондықтан да, Ұлттық банк алдағы уақытта теңге депозиттерінің үлесі артатынын күтеді. «Айырбас бағамы теңгенің әлсіреу немесе күшею бойынша белгісіздік жағдайында Ұлттық банк азаматтарға өздерінің жинақ қаражаттарын «50-50» қағидатымен сараландыруды ұсынады. Яғни, жинақ қаражаттарының елу пайызын ұлттық валютада, қалған елу пайызын шетелдік валютада ұстауды ұсынамыз», деді ҰБ төрағасы.