Ұлттық банк инфляцияға ғана емес, экономиканың өсіміне де жауапты болуға тиіс - Елбасы

АСТАНА. ҚазАқпарат - Ұлттық банк инфляция ғана емес, сонымен қатар Үкіметпен бірге экономиканың өсуіне де жауапты болуға тиіс, деп атап өтті Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев ҚР халқына Жолдауында.

«Бүгінде Ұлттық банк алдында инфляциялық таргеттеу режімін дамыту жөніндегі маңызды міндет тұр. Орта мерзім ішінде инфляция деңгейін кезең-кезеңмен 3-4%-ға дейін төмендетуге қол жеткізуіміз керек», - деді Президент.

Мемлекет басшысы айтуынша, еліміздің қаржы секторын «қайта жаңғырту» қажет. Бұл ретте Ұлттық банкке банк секторын қалыпқа келтіру жөнінде шаралар кешенін әзірлеуді тапсырды.

«Банктердің балансын тиімсіз несиелерден арылту жұмысын жеделдетіп, қажет болған жағдайда олардың капиталын акционерлер тарапынан арттыруды қамтамасыз ету керек. Банктердің ахуалына жедел бақылау орнату үшін Ұлттық банкке көбірек құқық берген жөн. Ұлттық банк банктердің қателік жіберуін күтпей, оларға ықпал ететін шаралар қабылдау үшін формальді көзқарастан ықтимал қатерлерге жол бермейтін қадамдарға көшуге тиіс.

Сондай-ақ, аудиторлық компаниялардың жауапкершілігін арттырып, акционерлердің ашықтығын қамтамасыз ету, ұжымдық басқаруды жақсарту қажет. Осының бәрін заңнамалық деңгейде бекіту керек.

Экономикадағы қаражат жетіспеушілігі және несиелер бойынша жоғары мөлшерлеме түйткілдерін шешу мақсатымен Ұлттық банк пен Үкіметке теңге түрінде қолжетімді орта және ұзақ мерзімге арналған қор қалыптастыруды қамтамасыз ету жөнінде кешенді шаралар қабылдауды тапсырамын.

Ұлттық банк инфляция ғана емес, сонымен қатар Үкіметпен бірге экономиканың өсуі үшін де жауапты болуға тиіс», - деді Н.Назарбаев.