Бұл туралы Ұлттық банктің төрағасы Григорий Марченко бүгін ақпарат агенттіктерінің журналистерімен болған кездесу барысында айтты.
«Қазір 12 айлық инфляция деңгейі 5 пайызды құрайды. Егер бұл көрсеткіш бірнеше ай бойы сақталатын болса Ұлттық банк жылдық ресми қайта қаржыландыру мөлшерлемесін 5,5 пайызға дейін төмендетеді», - дейді Г.Марченко.
ҚР Ұлттық банкінің Басқармасы бұған дейін 4 маусымнан бастап ресми қайта қаржыландыру мөлшерлемесін 6 пайыз деңгейінде белгілеуге қаулы қабылдаған болатын.
Бас банкирдің айтуынша, ол жаздың алғашқы айында 6,5-тен 6 пайызға дейін азайтылды. Жалпы соңғы 3 жылда инфляцияның төмендеуіне байланысты несие бойынша да, депозит бойынша да мөлшерлеменің кему үрдісі жүріп жатыр.