«Ұлттық банк айырбас бағамының күрт ауытқуын және оның кейіннен инфляцияға көшуін шектеу шараларын қолға алды. Кей күндері валюталық интервенциялар жүргізді. Жүргізілетін операциялар туралы ақпарат уақытында жарияланып отыр», - деді В. Тутушкин Мәжілістің жалпы отырысында.
Оның айтуынша, квазимемлекеттік сектор субъектілерінің валютаны сату көлемін ұлғайту мақсатында олардың валюталық түсімді міндетті сату мөлшері 75%-ға дейін ұлғайды.
Инфляцияға қарсы саясатты күшейту үшін Үкімет Ұлттық банкпен бірге биылғы ақпаннан бастап «2022-2024 жылдарға арналған инфляция деңгейін бақылау және төмендету жөніндегі жаңартылған шаралар кешенін» іске асырып келеді.
«Геосаяси жағдайдың нашарлауына байланысты жаһандық қаржы, тауар нарықтарында бұрын-соңды болмаған өзгерістер аясында теңгенің айырбас бағамы биыл 15 наурыздағы сауда-саттық қорытындысы бойынша ең жоғары деңгейде 512,17 теңгеге дейін әлсіреді, бірақ 19 сәуірге қарай 443,85 теңгеге дейін нығайып, шығынның қомақты бөлігін жапты», - деді Ұлттық банк өкілі.
Бұған дейін В. Тутушкин Қазақстан үшін сыртқы инфляциялық жағдай күрделі болатынын болжаған еді.
Сонымен бірге, Қазақстанда инфляция тағы өседі деп болжанып отыр.