15:10, 19 Наурыз 2009
Ұлттық банк төрағасы халықтан кешірім сұрауы тиіс ? Ғ. Қасымов
АСТАНА. Наурыздың 19-ы. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - ҚР Ұлттық банк төрағасы теңге девальвациясына байланысты халықтан кешірім сұрауы тиіс.
Бүгін ҚР Парламенті Сенатының жалпы отырысында ҚР Ұлттық банкі төрағасының атына жолдаған депутаттық сауалында сенатор Ғани Қасымов осылай мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«ҚР Ұлттық банкінен ақпанның 4-інде жүргізілген девальвация нәтижесінде жұртшылықтың жоғалтқан қаражатына байланысты бір шешім қабылдауды сұраймын. Сонымен бірге, қаражаттардың осы оқиғадан зардап шеккен халықтың аз қорғалған санатына, мүгедектерге, жалғызбасты аналарға, зейнеткерлерге және теңге салымындағы депозит иегерлеріне өтемақы ретінде берілуін талап етемін. Бұл үшін қаражаттарды қайтарудың бірнеше нұсқасын да ұсынамын. Мәселен, бұл шараның республикалық бюджеттен, дағдарысқа қарсы бағдарлама бойынша бөлінген 10 млрд. доллар есебінен, Ұлттық қордың алтын-валюта қорын үнемдеу есебінен жүргізілуін сұраймын. Менің ойымша, бас банкир ел азаматтары алдында халықтың пікірінсіз, «өз жолымен» девальвация жасағаны үшін кешірім сұрауы керек. Өйткені бұндай шешім азаматтардың материалдық жағдайына әсер етті. Сондықтан банк төрағасы жағдайды өзгертуі қажет», - деді Ғ. Қасымов.
Сонымен бірге, сенатор ҰБ тарапынан заңнамаға өзгеріс енгізу туралы бастама жасалғанына тоқтала келе, ондай өзгеріс бола қалса, «девальвацияны халықтан құпия тәртіппен жасауға тыйым салу туралы» да түзетудің қамтылуы керектігін атап өтті. «Сонымен бірге, ел азаматтары инфляциялық жағдайға байланысты да өтемақы алулары тиіс», - деді Ғ. Қасымов.