Ұлттық банк төрағасы теңге бағамы туралы айтып берді

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Парламент Сенатының жалпы отырысында Ұлттық банк төрағасы Данияр Ақышев валюта нарығындағы жағдайды баяндады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Теңгенің айырбастау бағамы фундаметалды факторлардың қарқынына сәйкес. Бұл бәсекеге қабілеттіліктің сақталауын қамтамасыз етеді. Нарықта теңгерімсіздік байқалмайды. Жыл басымен салыстырғанда теңге бағамы өзгермеді деп айтуға болады. Номиналдық көрсеткіш бойынша нығаю - 0,2 пайыз. Жыл басында бір доллар үшін 333,29 теңге болса, қазір 332,72 теңгені құрады», - деп нақтылады ол «2018-2020 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» заң жобасын талқылау барысында.

Данияр Ақышев заң жобасында белгіленген өлшемдерді толығымен қолдайтынын атап өтті. ҰБ республикалық бюджеттің тапшылығын қаржыландыру үшін эмиссия жасауды жоспарлап отырған жоқ.

«Ұлттық банк өз құзыреті шегінде инфляциялық таргеттеу саясатын жалғастырады және оған сәйкес еркін өзгермелі бағам режимін ұстанады», - деп түсіндірді ол.

Атап айтқанда, ҰБ-ның негізгі басымды бағыты баға тұрақтылығын қамтамасыз ету, сондай-ақ жылдық инфляцияны 2018 жылы 5-7 пайыз,  2019 жылы 4-6 пайыздық дәлізде ұстап тұруға негізделген.

Бұдан бөлек Д. Ақышев долларсыздану үдерісне тоқталды.

«Депозит нарығында долларсыздандыру процестері жалғасуда. Шетел валютасындағы депозиттердің үлесі жыл басынан 55 пайыздан 49 пайызға дейін төмендеді. Валюта нарығындағы тұрақтылықтың сақталуы және инфляция деңгейінің төмендеуі ақшаны теңгеде жинақтады одан әрі қарай ынталандырады деп ойлаймыз», - деп атап өтті Ұлттық банк төрағасы.