Ұлттық банк «Жылан жылы» монетасын айналысқа шығарды

АСТАНА. 27 қараша. ҚазАқпарат - ҚР Ұлттық банкі 2012 жылғы 23 қарашада 500 теңге номиналымен «Жылан жылы» монетасын айналысқа шығарды.

 Бұл туралы ҰБ баспасөз қызметінен хабарланды.

Монета он екі қырлы нысанда жасалған. Монеталардың бет жағында (аверсінде) орталық бөлігінде аспан әлеміндегі жұлдыздар картасында жұлдыздар шоғырының мифтік символдары бейнеленген және монета дайындалған металды, оның сынамасы мен массасын «Au 999 7,78 g» білдіретін жазу бейнеленген. Монетаны айналдыра жалпақ күңгірт жиек жүргізілген, оның үстіне - монетаның номиналын білдіретін «500 ТЕҢГЕ» деген ойып жазылған қаусырма бар, мемлекеттік тілде «ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ», ағылшын тілінде «REPUBLIC OF KAZAKHSTAN» деген жазу және күннің стильдендірілген бейнесі берілген.

Монеталардың сырт жағында (реверсінде) орталық бөлікте шығыс күнтізбесі бойынша 2013 жылдың символы - жылан бейнеленген және Қазақстан теңге сарайының тауар белгісі орналасқан. Монетаны айналдыра жалпақ күңгірт жиек жүргізілген, оның үстіне - монетаның соғылған жылын білдіретін «2013» ойып жазылған қаусырма бар, мемлекеттік тілде «ШЫҒЫС КҮНТІЗБЕСІ», орыс тілінде «ВОСТОЧНЫЙ КАЛЕНДАРЬ» және ағылшын тілінде  «ORIENTAL CALENDAR» деген сөздер ойып жазылған. Күңгірт жиектің ішкі жағына шығыс күнтізбесінің қалған он бір символы орналасқан. Қыры (гурты) тегіс, бедерсіз, жазуы жоқ. Ескерткіш монеталар  999 сынамды алтыннан жасалған,  массасы 7,78 грамм,  сипатталған шеңбер диаметрі  - 21,87 мм, дайындалу сапасы - «proof», таралымы -  3 мың дана.