Ұлттық банктің алтын-валюта резервтері жыл басынан 4,3 пайызға төмендеді

Фото: Фото: pexels
АСТАНА. ҚазАқпарат – Ұлттық банктің алтын-валюта резервтері жыл басынан бері 4,3 пайызға төмендеді. Бұл туралы Үкімет отырысында Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Жалпы халықаралық резервтер тамыз айының соңында 93,5 млрд долларды құрады. Ұлттық банктің алтын-валюта резервтері жыл басынан бері 33,6 млрд долларға дейін, яғни 4,3 пайызға төмендеді. Бұл мемлекеттік борышты төлеу мақсатында Үкіметтің валюта шоттарындағы қаражатты конвертациялауға байланысты болды. Сонымен қатар салымдардың долларсыздандыру деңгейінің артуы аясында Ұлттық банктің валюталық шоттарындағы екінші деңгейлі банктер қаражатының азаюы да әсер етті», - деді Тимур Сүлейменов.

Оның дерегінше, Ұлттық қордың активтері жыл басынан бері 7,5 пайызға, яғни 4,2 млрд долларға ұлғайып, жалпы көлемі 59,9 млрд долларға жетті. Негізгі өсім 6,1 пайызды немесе 3,4 млрд долларды құраған инвестициялық табыс есебінен орын алды.

«Ұлттық қордан республикалық бюджетке трансферттер 2,9 трлн теңгені құрады. Оларды жүзеге асыру үшін Ұлттық қордың валюталық активтері 4,9 млрд долларға сатылды. Қорға түскен түсімдер жыл басынан бері 3,3 трлн теңге болды», - деді ол.

Сонымен қатар Ұлттық банк төрағасы зейнетақы активтері де оң динамиканы көрсетіп отырғанын айтады.

«Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының активтері жыл басынан 16,8 трлн теңгеге дейін немесе 14,6 пайызға ұлғайды. Инвестициялық табыс көлемі жыл басынан бері 1,1 трлн теңгені құрады. Зейнетақы жарналары 1,4 трлн теңге, ал, жарнаны мерзімінен бұрын алу сомасы 164,8 млрд теңге болды», - деді Тимур Сүлейменов.