Ұлттық білім академиясында Жолдау жүктеген міндеттер талқыланды

АЛМАТЫ. Сәуірдің 23-і. ҚазАқпарат /Таңжарық Ілиясұлы/ - Алматыда Елбасының ағымдағы жылғы "Дағдарыс арқылы жаңару мен дамуға" атты Жолдауын насихаттау, халыққа түсіндіру жұмыстары жалғасуда.

Бүгін «Этно-саяси және гуманитарлық орталығы» қоғамдық қорының президенті, философия ғылымдарының докторы Ғазиз Телебаев бастаған насихаттаушы топ Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясының ұжымымен кездесті, деп хабарлайды ҚазАқпарат. Кездесу барысында Ғазиз Тұрысбекұлы академия ұжымына биылғы Елбасы Жолдауындағы басымдықтар, дағдарыс уақытында бірлесе атқаратын іс-шаралар туралы баяндап берді. Сондай-ақ халықаралық сарапшылардың Қазақстан туралы пікірлері, олардың дағдарыс кезіндегі елімізде атқарылып жатқан шараларды қалай қабылдағандығы әңгіме өзегіне айналды. «Бүгінгі кездесудің негізгі мақсаты халыққа Жолдау туралы айту, түсіндіру, насихаттау. Ол туралы ой-пікірлермен бөлісу. Сонымен қатар қазіргі дағдарыс кезінде халықтың еңсесі түспеуі тиіс. Әрине қысқартулар болып жатыр, жұмыссыздық ұлғайып жатыр. Соның барлығына төтеп беру мақсатында Үкімет қаржы бөліп, қолдау көрсетуде. Бүгінгі кездесуіміздің мұраттарының бірі Үкіметтің іс-шарасын халыққа жеткізу, халықтың мәселелерін тыңдау. Осы бағытта екі күннен бері ҚР Мәдениет және ақпарат министрі Мұхтар Құл-Мұхаммед мырзаның жетекшілігімен Медеу ауданында кездесулер өткізіп жатырмыз», - деді Ғазиз Телебаев.