Бұл туралы бүгін Астанада «Қазақстанның мемлекеттік этносаясатын ғылыми-сараптамалық қамту: міндеттері мен перспективалары» атты тақырыпта өткен «дөңгелек үстел» барысында Өзбек мәдениет орталығының басшысы Икрам Хашимжанов мәлім етті.
«Кешегі күні өткен Қазақстан халқы Ассамблеясының 19-сессиясы біз үшін ерекше оқиға болып табылады. Мемлекет басшысы ондағы сөзі барысында біздің мемлекетіміз үшін стратегиялық сипаттағы маңызды үш бағытқа ерекше назар аударды. Бұлар - тұрақтылық, бірлік пен жаңғыру. Елбасы осы үш негізгі саланың әрқайсысына ұлттық мәдениет орталықтары үшін де басым болып табылатын бағыттарды айқын көрсетті», - дейді Икрам Хашимжанов.
Оның айтуынша, Ассамблея сессиясында Президент назар аудартқан бағыттар этномәдени орталықтар үшін де айқын әрі түсінікті. «Мәселен, біз Оңтүстік Қазақстан облысында ЕҚЫҰ аз ұлттар жөніндегі Жоғарғы комиссармен жұмыс істейміз, онда білім мекемелерінде екі тілде және көптілде білім беру жүйесін енгізуге баса назар аударылады. Соның арқасында мектепте ана тілімен қатар балаларымыз қазақ және оріс тілдерінде білім алып жүр. Мектепті бітірген балаларымыз үш тілде еркін сөйлей алады. Бұның өзі біздің балаларымыздың әлеуметтік және еңбек интеграциясы үшін үлкен мүмкіндіктер қалыптастырып, бәсекеге қабілеттілігін арттыратыны сөзсіз»,- дейді ол.
Орталық басшысының айтуынша, Қазақстанда бірлікті сақтауда Қазақстан халқы Ассамблеясы маңызды рөл атқарып отыр. «Бұл ретте Ассамблеяның міндеті ұлтаралық қатынастарды үйлесімді ету болса, оның өзі мемлекеттің тұрақтылығын нығайту дегенді білдіреді. Сол үшін Қазақстан халқы Ассамблеясының тиімділігін әлем мойындап, көптеген елдер бұндай институттың болғанына мүдделілік танытып отыр», - дейді И. Хашимжанов.