Министр жауапты науқан қарсаңында ата-ана және БАҚ өкілдерімен кездесіп, түлектерге сәттілік тіледі, деп хабарлады аталмыш министрліктің баспасөз қызметінен.
Сонымен қатар білім ведомствосының басшысы 2010 жылғы мектеп бітіруші 138 162 баланың 110 118-і ҰБТ тапсыруға өтініш білдіргенін айтты. Тестілеу маусымның 4-10-ы аралығында 154 пунктте (49 қала мен 105 аудан орталығы) өткізіледі.
Тест тапсырушы түлектер барлығы жеті лекке бөлінді. Биыл бір лектегі оқушылар саны 800-ге дейін азайтылды. Бұл ҰБТ-ны неғұрлым ыңғайлы жағдайда тапсыруға мүмкіндік береді.
ҰБТ 5 пән бойынша: оқыту тілі (қазақ немесе орыс), Қазақстан тарихы, математика, таңдау пәні, сондай-ақ орыс тілінде оқытатын мектептердегі - қазақ тілі, қазақ тілді мектептердегі - орыс тілі пәндері бойынша өткізіледі.
Әрбір пән бойынша тест тапсырмаларының саны - 25, ал бес пән бойынша барлығы - 125 сұрақ. Тестілеу уақыты - 210 минут, яғни 3,5 сағат.
Биылғы жылғы мектеп бітірушілер мемлекеттік грант конкурсына қатысу және республикамыздың жоғары оқу орындарына ақылы негізде оқуға түсу үшін кем дегенде 50 балл («Жалпы медицина» мамандығы үшін - 55 балл) жинауы тиіс.
ҰБТ-ның балын аттестаттың бағасына ауыстыру шкаласы өзгерді. Егер мектеп бітіруші бір пәннен 0-3 балл жинаса «қанағаттанарлықсыз», ал 4 және одан жоғары балл жинаса оңды көрсеткіш болып табылады.
«Мемлекеттік құпиялар туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес дұрыс жауаптар коды мемлекеттік құпиялар қатарына жатқызылған.
Тест тапсырмаларын бағалау кезінде бірыңғай талаптарды сақтау және даулы мәселелерді шешу, ҰБТ-ға қатысушылардың құқықтарын қорғау мақсатында Республикалық комиссия және әрбір ҰБТ-ны өткізу пунктінде апелляциялық комиссия құрылады.
Тапсырмалардың мазмұны және техникалық себептерге байланысты өтініштер тестілеудің қорытындысы шыққаннан кейін келесі күнгі сағат 13.00-ге дейін қабылданады.
Ұлттық мектептердің бітірушілері (ұйғыр, өзбек, тәжік) қалаулары бойынша ҰБТ-ны мемлекеттік немесе орыс тілінде тапсыра алады.
ҰБТ-ны өткізу кезеңінде облыстардың, Астана және Алматы қалалары білім басқармаларының жанында ҰБТ-ның өткізілу барысын бақылауды қамтамасыз ететін штабтар құрылады. Олардың жұмысын ҚР Білім және ғылым министрлігінің жанындағы республикалық штаб үйлестіреді.