Ұлттық болмысымызды бойына сіңірген, балалардың ой қиялын дамытатын аниматорлар қажет

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақ топырағы қашанда талантты ұл-қыздарға кенде болған емес. Солардың бірі - Берік Жүнісбеков. Ол бойына сан өнерді сіңіріп, бүгінгі ұрпаққа үлгі-өнеге көрсетіп келеді. Өз ісінің шебері атанған Берік Айдарұлы осыған дейін бірнеше мәрте республикалық деңгейде көрмелер өткізіп, халықтың қолдауына ие болды. Мүсінші, суретші, талғамды фотограф, компьютерлік графика режиссері, көркем фильмдердің суретші-қоюшысы, үш өлшемді дизайнер, актер, аниматор сынды бір бойына сан түрлі өнерді сіңірген дарын иесі. Ол қазір Қазақ Ұлттық өнер университетінде шәкірт тәрбиелеуде. Біз осы өнер иесімен болған сұхбатты назарларыңызға ұсынамыз.

- Берік Айдарұлы, сіз өнердің бірнеше түрін меңгеруді қалай бастадыңыз, сол туралы айтып берсеңіз...

- Мен «Нұра» өзенінің жағасында туып өстім. Әкем - ауылда бухгалтер, өзінің жеті баласымен інісінің төрт баласын бірге баққан қамқор жан. Әкем бухгалтер болса да әлемнің сонау Спартактан басталған «Золотой коллекция» деген қызыл кітаптарын жинайтын еді. Бала күнімізде үйімізге көптеген журналдармен бірге «Огонёк» журналы келіп тұратын. Сол журналға бүкіл дүниежүзіндегі ең үздік сурет галериялары жарияланатын. Әр санын үзбей көрген менің бала қиялым сол суреттер арқылы алыстағы қияндарға қанат қағуыма жол ашты ма деп ойлаймын. Негізі, өз басым ес білгеннен сурет сала бастағанмын. Маған ерекше әсер еткен Микеланджелоның шығармашылығы болатын. Микеланджелоның шығармашылығына деген махаббатым өнердегі өз жолымды табуға септігін тигізді. Атақты анимотор, ұстазымыз Әмен Қайдаров: «анимоторлық - өнердің ішіндегі ең қиын сала. Анимотор болушы, соған қатысты көптеген өнердің шебері болуы керек», деген еді.

Мен сол Әмен ағамыздың айтқанын орындаушылардың бірі болғым келеді.

- Жоғары білімді қай оқу орнынан алдыңыз?

- Алматыдағы Н.В.Гоголь атындағы сурет өнері училищесін суретші-мультипликатор мамандығы бойынша оқи жүріп, ұстаздарымның жетекшілігімен көркемсурет салуды кәсіби деңгейде үйренедім. Кейін анимациямен айналысып жүрген уақытымда, өз қолыммен салған алуан тақырыптағы туындыларымды жұрт назарына ұсындым. Атап айтар болсам, республика деңгейінде 1994 жылы жеке сурет көрмемді «Кино үйінде» өткіздім. Бұл көрмеге акварельмен салған суреттерімнен өзге ағаштан ойып жасаған мүсіндерімді де қойған болатынмын. Ай бойы өткен көрмеден соң жасалған ағаш оймаларымды алуға әлемнің әр түкпірінен үйіме дейін іздеп келіп сатып алып кетті. Соған қарағанда ағаш мүсіндерді жасауым көптің көңілінен шыққан болса керек.

- Сіз жаңа акварельмен салған суреттер деп айтып қалдыңыз, акварельмен сурет салуды қаншалықты деңгейде игердіңіз?

- Қазақстанда акварельмен сурет салуды жоғары деңгейде игерген екі адам болған. Олар: Әбілхан Қастеев пен Үкі Әжиев. Негізі, акварельмен сурет салу қиын. Бұл жаныр бойынша сурет салу өте ұқыптылықпен тазалықты талап ететіндіктен, оны қайталай өңдеуге немесе өшіруге келмейді. Сәл жерден жіберілген қателік бүкіл шығарманы бірақ жоққа шығарады. Сондықтан да сурет салудың бұл түріне қолына қылқалам ұстағанның бәрінің батылы бара бермейді. Ал менің бала кезден бойымда бар бейімділіктен болу керек, акварельмен сурет салу маған аса қиын тиген жоқ деп білемін. Салған суреттеріме жұрт жақсы баға беріп жатады.

- Бір сөзіңізде «ағаштан жасалған шағын скульптуралық жұмыстарыңыз бүгінде әлемнің көптеген коллекционерлерінің қолында жүр» деп қалдыңыз. Өз қолыңыздан шыққан, ағаштан жасалған мүсіндерді ел іші сыртынан арнайы келіп алып тұратындар бар ма?

- Нью-Йорктегі ағаш мүсіндерін жинайтын атақты коллекционер Джон Фэй жыл сайын арнайы келіп ағаш оймаларымды сатып алып кетеді. Бір өкініштісі 90- жылдардың басында тұрмыстың қысталауымен өз қолыммен жасалған өте құнды мүсіндерім шетелдік коллекционерлерге арзан бағада сатылып кетті. Әңгіме олардың арзан сатылғанында емес, кейбір көркем де құнды дүниелерден айырылып қалғанымда. Мен мүсін жасағанда эскиз жасап, арнайы дайындалмаймын. Қолыма кішкентай пышағымды алып, әбден кептіріліп, бабына жеткен ағашты жона бастаймын. Жонып отырғанымда идеялар пайда болады, сосын ыңғайына қарай өңдей беремін.

- Сіздің ойыңызша ұлтымыз үшін осы мүсіншіліктің тарихы қаншалықты тереңде деп ойлайсыз?

- Соңғы уақыттарда ғана үзіліп қалғанымен тарихы тым арыда. Бұл ойға мүсін өнерін зерттеу барысында көз жеткіздім. Оған сонау Ғұн, Сақ дәуіріндегі патшалар мен патшайымдардың бізге жеткен мол мұраларындағы киімдерінің, түймелеріне дейінгі әртүрлі әшекейлері дәлел бола алады. Ерте ғасырлардың өзінде ата-бабаларымыз әрбір ұсақ дүниелеріне дейін әшекейлеуге мән беріпті. Сондықтан, аталған сала өнер ретінде ертеден дамығандығын білеміз.

- Бұл саланың бүгінгі беталысы қалай?

- Бүгінде заманның өзгерістерге ұшырауына қарай ағаш ойма, мүсіншіліктің кенжелеп қалғаны рас. Бірақ оны енді өмір талабына сай өнер санатында дамытуға әбден болады. Қазақтың ертоқым, келі-келсап, ағаштан жасалатын әртүрлі ыдыс-аяқтары - қолданыстан шығып қалғанымен, ұлттық қол өнеріміздің бір түрі. Ұлттық өнеріміздің бұл түрлерін өзгешелеп скульптура деңгейіне көтерсек деймін. Мен негізі ағашқа қимылсыз, қозғалыссыз портреттер жасаудан гөрі шығармашылық көзбен қарап жан бітіруге күш салам.

- Мысалы...

- Мысал келтірер болсам, ұзындығы 20 см, диаметрі 10 см болатын, басында «Көкпар» аталып кейін академик, ғалым Әбдуәли Қайдаров «Дода» деп ат қойған ағаштан жасалған ерекше туындым бар. Ғалымның оны «Дода» атауы да тегін емес-тін. Өйткені, осыншама шағын ғана материялдан 7 атты адам, көкпарға тартылған серке бәрі қамшының өріміндей шебер байланыстырылған болатын. Оны көргендер «бұл нағыз өнер туындысы, ондағы адамдар мен аттардың қимыл қозғалысы шебер бейнеленген», деп баға берді. Өнерге «жан бітті» дейтінім сол.

- Берік Айдарұлы, сіздің ең негізгі айналысқан жұмысыңыз - анимация. Психолог-мамандар қазіргі заман мультфильмдері балаларды жауыздыққа, жеңіл-желпі ойлауға тәрбиелейді деген пікірлерді жиі айтады. Бұған аниматор ретіндегі сіздің пікіріңізді қалай?

- Шынын айтқанда, «XXI ғасырдың мультфильмдері «Супермен», «Бэтмен», «Өрмекші адамды» қарайтын болсақ, қылмыскерлердің адамдарға жасаған жауыздықтары көп көрсетіледі» деген пікірмен мен де келісемін. Демек, біздің елімізге өзіміздің тарихымыздан, ұлттық болмысымыздан сыр шертетін, балалардың ой қиялын дамытуға септігін тигізетін, бала тәрбиесіне оң ықпал беретін отандық мультфильм жасайтын аниматорлардың көп болуы қажет. Бұл - уақыт талабы.

Қазақ өткен замандарда ұрпағын сәби күнінен бастап, бесік жырымен, батырлар жырымен, сонымен қатар ертегілер айту арқылы тәрбиелеп отырғаны белгілі. Сондықтан, ендігі технология билеген шақта, жас ұрпақ санасына тарих және ертегілер негізінде жасалған анимациялық фильмдеріміз арқылы жол табуымызға, осы арқылы өткенімізді түгендеуге, нұрлы болашағымызға жол салуымызға болады.

Қазақтың тұңғыш мультипликаторы Ә. Қайдаров түсірген фильмдер көрерменнің ыстық ықыласына бөленді. Сол уақыттағы ізденістердің арқасында қазақ мультипликациясы 1970 жылдары Орта Азиядағы жетекші орынға шыққаны бәрімізге белгілі. Сол кезеңде түсірілген графикалық және қуыршақ фильмдердің саны жүзден асты. Дегенмен, бүгінгі таңда да шама-шарқымызша мультипликацияны осы деңгейге қайта шығару бағытында көптеген жұмыстар жүргізіле бастады.

Өз басым ұзақ уақыт анимация жасаумен айналысып, қыр-сырын мықтап меңгерген соң түйгенім анимация жай балаларға ермек үшін ғана керек деп ойлау қате. Әр мемлекеттің болашағы осыған байланысты деп білемін. Қазіргі уақытта беріліп жатқан мультфильмнен басқа нәрсе көруге балалардың уақыты жоқ болғандықтан, жас жеткіншек содан не алса, соны қабылдайды. Бұл жағынан екі мемлекетті сыйлаймын. Олар Қытай мен Украина. Осы екі елде 80-95 пайызға дейін өз елдерінде жасалған анимациясын көрсетеді екен.

- Сіз жалпы анимация жасаумен қанша уақыт айналыстыңыз?

- Ш.Айманов атындағы киностудияда отыз жылдан астам уақыт ұлттық анимация саласында еңбек еттім. Онда көркем фильмдердің суретші-қоюшысы, мультипликатор қызметтерін атқардым. «Қазақфильм» киностудиясы қойылымға шығарған «Сиқырлы айна», «Көкетайдың саяжайы», «Қотыр торғай»» сияқты елге танылған көптеген мультфильмдердің жасалуына өз қолтаңбамды қалтырдым. Қазіргі уақыттың өзінде қоржынымда 15 минуттық «Зарина» атты мультфилмның жобасы дайын тұр.

- Берік аға актерлік қабілетіңіз де бар екен. Сіз қанша киноға түстіңіз?

- Ия, киноға түстім. «Елім-ай», «Офицер абыройы» сынды фильмдерде негізгі рольдерді сомдадым. Сондай-ақ, көптеген деректі фильмдерде тек актер ретінде ғана емес, қоюшы-суретші, режиссер қызметтерін қоса атқардым.

- Қазір жоғары оқу орнында ұстазсыз. Өнер жолынан ұстаздық қызметке қалай келдіңіз?

- Қазақ Ұлттық Өнер университетіне арнайы ұсыныспен келіп, ұстаздық қызмет атқарып жатырмын. Менің алдымнан режиссерлар, операторлар, продюсерлер және аниматорлар сабақ алады. Қазіргі жастар шынын айтқанда мен оқытатын салалар бойынша талпыныстары өте жоғары деуге болады. Себебі, осы заман инновациялық технологияны қолданушылар заманы ғой. Елбасының жастарға қойып отырған талабы да сол. Біз жаңа технологияларды жылдам игеруді қолға алмасақ, әлемдік бәсекеде артта қалып қоямыз. Мен студенттерге осыны жиі ескертіп отырамын.

- Телевидение саласында қызмет еттіңіз бе?

- 90- жылдардың басқы уақытында еліміздің «Қазақстан-1», «Хабар» сияқты ұлттық телеарналарында жоғары сұранысқа ие маман ретінде жұмыстар атқардым. Сол уақытта сұранысқа ие болуымның басты себебі - замандастарымнан ілгері тұрып, қоғамға жаңа еніп жатқан компьютер технологиясын бірінші болып игергенімде. Менің бұл мақтанғандығым емес, компьютердегі жаңа технологияларды жылдам меңгеруге тырысамын. Ол жоғарыда айтқанымдай уақыт талабынан болып отыр. Әдетте, инновациялық технологияны қолданушыларға кеңес беріп тұрамын. Мысалы, кино, театр, телевидение, музей және басқа сала мамандары менен үйренгендерін қазіргі уақытта іске асырып жатыр. Мен сол үшін өзімді бақытты сезінемін.

- Сіздің өз жеке қолыңызбен жасаған ерекше мемлекеттік жобаларыңыз бар ма?

- Мен 1996 жылы Президенттік Телерадиокешені құрылған уақытта соның негізгі жұмыстарының басы-қасында болдым. ҚР Президенті Телерадиокешенінің бойтұмарын (логатип) жасап шықтым. Ол бейне кейіннен қолдау тапты. Аталған логатип «Қанатты барыс» болатын. Оны өзіңізде көріп жүрген боларсыз. Сол менің жеке жобам еді. «Хабар» телеарнасының логатипін де мен жасадым. Ол сияқты жасағандарым көп, бәрін термелеп айтпай-ақ қояйын.

- Әңгімеңізге рахмет!

Бейсен Сұлтанұлы