«Ұлттық чемпионға» лайықты жеті отандық компания анықталды - «Бәйтерек» холдингі

АСТАНА. ҚазАқпарат - «Ұлттық чемпионға» лайықты жеті отандық компания анықталды. Бұл туралы бүгін Астанада «Бәсекеге қабілетті көшбасшылар - ұлттық чемпиондар» бағдарламасын талқылау жөніндегі басқарушылық комитеттің отырысында «Бәйтерек» холдингінің басқарма төрағасы Қуандық Бишімбаев мәлім етті.

Айта кетейік, McKinsey&Company халықаралық консалтингтік компаниясы мен «Бәйтерек» холдингінің сарапшыларынан құралған команда «Бәсекеге қабілетті көшбасшылар - ұлттық чемпиондар» бағдарламасына қатысушы компанияларды диагностикалау кезеңін аяқтады. Бағдарлама өңірлік және әлемдік деңгейдегі компанияларды қалыптастыру жолымен Қазақстанда бәсекеге қабілетті, экспортқа бағдарланған шикізаттық емес сектордың өндірісін құруға негізделген.

«Бәйтерек» холдингі Ұлттық кәсіпкерлер палатасымен бірлесіп «Ұлттық чемпиондар» бағдарламасын Елбасының тапсырмасымен іске асырып жатыр. 28 компания бүгінде «Ұлттық чемпиондар» тізіміне енгізілді. Соның ішінде жетеуін дайын чемпион деп айтуға болады, себебі, олар экспортқа да шығуда және ішкі нарыққа да үлесі қомақты. Бүгін бағдарламаның атқарылып жатқандығын біз баяндадық», - деді Қ. Бишімбаев.

Белгілі болғандай, бұл жеті компанияның арасында «RG Brands», «Eurasian Foods Corporation», «Агроөнім», «Баян Сұлу», «Масло-Дел», «Alageum Group», «Alina» секілді кәсіпорындар бар.

Оның сөзіне қарағанда, McKinsey&Company компаниясы мен халықаралық сарапшылар аталған компанияларға консалтингтік көмек беріп жатыр. Осы орайда отандық кәсіпорындардың экспортқа шығу мүмкіндіктері, ішкі үдерістерді дамыту мен өнімділікті арттыру тұрғысында бағыттары айқындалды, сондай-ақ компаниялар осы жаңашылдықтарды қабылдап, жүзеге асыруға кіріседі.

«Бәтерек» холдингінің өз тарапынан қаржылай көмек жасайды. Диагностикалаудың барша кезеңінде аталған 28 компанияның аясында 170 млрд. теңге көлеміндегі жобалар айқындалды. Сол жобаларды алдағы екі жылдың ішінде іске асырмақпыз», - деді Қ. Бишімбаев.

Оның пайымынша, «ұлттық чемпиондар» үш жылда Қазақстанның экспорттық әлеуетін елеулі арттыратын болады.

«Біз айтқан бастамаларды іске асыру нәтижесінде өнеркәсіптің өңдеуші саласында қосымша бес мың жұмыс орны құрылады. Біз анықтаған жобаларды іске қосу арқылы шикізаттық емес өнімнің экспорты көтеріледі», - деді ол.