Ұлттық дельфий ойындары шілде айында Шымкентте өтеді
«Биылғы Ұлттық дельфий ойындары шілде айында Шымкент қаласында өтеді. Халықаралық дельфийлік ойындарда жақсы нәтижеге қол жеткізгендіктен, биылғы ұлттық ойындарға да дайындық қызу жүргізілуде. Биылғы сайыс өте жоғары деңгейде өтеді деп ойлаймыз», - деді қор директоры. Айта кетейік, 1-6 мамыр аралығында Ресейдің Орел қаласында өткен Халықаралық дельфий ойындарында Қазақстаннан барған құрама командалық есепте 4-ші орынға табан тіреді. Олар 1 алтын, 4 күміс, 2 қола медаль жеңіп алды. Көкшетау музыкалық колледжінің оқушысы Бауыржан Нұрмұханов «Халық әні» санаты бойынша алтын алса, «Халық биі» санатында «Арна» би тобы және «Қазіргі заманғы би» аталымы бойынша «Інжу-маржан» би ұжымы күміс медаль иеленді. Ал «Киім дизайны» аталымы бойынша дизайнер Әйгерім Қоқымбай мен «Академиялық ән салу» аталымында Азат Тұранел қола жүлде иегері атанды.