Ұлттық домбыра күніне орай Түркістанда республикалық «Күй құдіреті» байқауы өтті

ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат - Түркістанда республикалық «Күй құдіреті» байқауы өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Фото: Түркістан өңірлік коммуникация қызметі

Ұлттық домбыра күніне және Құрманғазы Сағырбайұлының 200 жылдығына арналған республикалық байқауға 23 күйші қатысты. Астана, Алматы және Шымкент қалалары мен Атырау, Ақтөбе, Жамбыл, Павлодар, Абай, Қызылорда және Түркістан облысынан келген қатысушылар билет таңдау арқылы, өз өнерлерін ортаға салды.

Мәселен, алғашқы кезеңде Құрманғазы Сағырбайұлының «Серпер», «Байжұма», «Төремұрат» және Төлеген Момбековтың «Салтанат», «Қанағат» пен «Мешін» күйлерінің бірін орындаса, екінші кезеңде Сүгір Әлиұлының «Қосбасар», «Наз қоңыр» мен «Шалқыма» күйлерінің бірін тартуға талап қойылды.

Сайысқа қатысушы өнерпаздардың өнерін Еркеғали Рахмадиев атындағы мемлекеттік академиялық филармониясы қазақ оркестрінің дирижері, күйші-композитор Нұрлан Бекенов, ҚР Мәдениет қайраткері, профессор Сәлімгерей Садықов, ҚР Мәдениет саласының үздігі, Сүгір атындағы ұлт-аспаптар оркестрінің бас дирижері Ерлан Дәуренбеков, ҚР Мәдениет саласының үздігі, күйші Шыңғыс Исаев, Құрманғазы атындағы қазақ ұлттық Консерваториясының магистрі Серік Пазылов бағалап, қазылық етті.

Үміткерлердің өнерін бағалау кезінде төрешілер қатысушылардың орындаушылық шеберлігіне, шығарманың күрделілігіне, сахна мәдениеті мен ұлттық киіміне баса назар аударды.

Қазылар алқасының шешімімен бас жүлде Сүндет Абдужаббаровқа (Шымкент қаласы) бұйырды. Жүлделі І орынды Жандос Құлымбетов (Түркістан облысы), жүлделі ІІ орынды Мейірбек Әзімбаев (Тараз қаласы) пен Дарын Құдайбергенов (Астана қаласы), жүлделі ІІІ орынды Ернар Сәтім (Алматы қаласы), Нұрдәулет Қуандықов (Түркістан облысы) пен Дәулет Жаншин (Ақтөбе облысы) иеленді. Сонымен қатар Нартай Нұрмағанбетов (Қызылорда облысы) - Құрманғазы атындағы арнайы жүлдемен, Серік Жұмағали (Алматы қаласы) - Сүгір Әлі атындағы жүлдемен, Нұрсұлтан Оразтаев (Шымкент қаласы) - Төлеген Момбеков атындағы жүлдемен марапатталды.

Ал, Мағжан Тойшыбек (Түркістан облысы), Қанат Қызылғұлов (Атырау облысы), Нұрасыл Матжан (Алматы қаласы) және Мейрам Айтмағанбетовке (Астана қаласы) қаржылай жүлде табысталды.

Айта кетейік, қазақ өнерін насихаттай отырып қазақ халқының мәдени мұрасының бірегейі – күй өнерін кеңінен насихаттау, күй орындау өнерін дамыту және талантты күй орындаушыларды анықтау, олардың шығармашылығына қолдау көрсету, халықтың рухани дүниетанымын кеңейту, күй атасы атанған Құрманғазы Сағырбайұлы мен жергілікті Түркістан өңірі күйшілері – Қаратау күйшілік өнерінің белді өкілі Сүгір Әлиұлының және шертпе күйдің шебері атанған Төлеген Момбековтің шығармаларын насихаттау мақсатында өткен байқауды Түркістан облыстық мәдениет және туризм басқармасы мен облыстық мәдениет және халық шығармашылығы орталығы бірлесе ұйымдастырды.