«Макрокөрсеткіштердің болжамы ел экономикасының өсуі бойынша жедел деректерді, әлемдік экономика мен нарықтағы үрдістерді ескере отырып, нақтыланды. Жалпы ішкі өнімнің өсу қарқыны қаңтар айындағы минус 4,5% пайыздан сәуір айының қорытындысы бойынша плюс 0,7% пайызға дейін жақсарды. Макрокөрсеткіштерді нақтылау кезінде мұнайдың орташа жылдық бағасы барреліне 50 доллар деңгейінде айқындалды. Дүниежүзілік банк пен Халықаралық валюта қорының болжамдары бойынша әлемдік экономиканың өсуі осы жылы 4,3% және 6 % құрайды. Жоғарыда баяндалғандарды ескере отырып, ел экономикасының өсу болжамы 2,8% пайыздан 3,1% дейін жақсарды. Осылайша экономикалық өсім қалпына келу сатысында болады», - деді министр.
Бұл ретте номиналды жалпы ішкі өнім 77,8 трлн теңге көлемінде бағалануда. Сыртқы сұранысты қалпына келтіру аясында металлургиядағы өндірістің неғұрлым белсенді өсу есебінен өңдеуші өнеркәсіптегі болжамды көрсеткіштер 4,1%-дан 5,2% -ға дейін жақсарды.
«Ұлттық банктің болжамы бойынша экспорт 10,8 млрд долларға, яғни 52,2 млрд долларға дейін ұлғаяды. Импорт 37,1 млрд долларды құрайды. Инфляция бұрын бекітілген 4-6% дәлізде сақталды. Түзетілген макроэкономикалық болжам негізінде 2021 жылға арналған республикалық бюджет параметрлерінің болжамы нақтыланды. Республикалық бюджеттің кірістері трансферттерді есепке алмағанда 2021 жылы 7 трлн 204 млрд теңге көлемінде бағаланады. Ұлттық қордан кепілдендірлген трансферт өзгермейді және 2 трлн 700 млрд теңге мөлшерінде сақталды. Ұлттық қордан нысаналы трансферт 1 трлн теңгеден 1 трлн 850 млрд теңгеге дейін ұлғаяды. Республикалық бюджет шығыстары 15 трлн 334 млрд теңге көлемінде болжанып отыр. Бюджет тапшылығы жалпы ішкі өнімге қатысты 3,5% деңгейінде болжанып отыр», - деді Ә. Ерғалиев.