Статистика комитетінің деректері бойынша Қазақстандағы инфляция 2016 жылдың басынан 4,6 %-ды құрады. Азық-түлік тауарлары бағасының 5%-ға өсуі инфляцияға негізгі салым болды. Осыған орай, ең қажетті тауарлар және әлеуметтік маңызды азық-түлік бағасының негізсіз өсуіне жол бермеу ерекше маңызды.
Осы мақсатта ұлттық экономика министрлігімен апта сайын статистика комитетінің, «Казагромаркетинг» АҚ және жергілікті атқарушы органдардың деректеріне сүйене отырып, азық-түлік тауарлары бағаларына мониторинг жүргізіледі.
12-19 шілде аралығында 33 атауды қамтитын әлеуметтік маңызды тауарлардың бағасы республика бойынша 0,3%-ға өсті. Өткен апта бойынша қырыққабат, қант, жұмыртқа және шай бағасының ең көп өсуі байқалды. Нан өнімдері ішінен ұн және макарон өнімдері қымбаттады.
Бағаның күрт өсуі мен тапшылығына байланысты қант нарығындағы жағдайды зерттеуге ерекше көңіл бөлінді. Республика өңірлерінде орташа есеппен қанттың бөліп сату бағасы 25%-ға өсті. Қант бағасының өсуі жыл сайын жаз мерзімінде халықтың сұранысы жоғарылаған кезде байқалып отырады.
«Бүгінгі күннен бастап өнімдер бағаларының негізсіз көтерілуі туралы барлық фактілер мен өтініштер бойынша тексеріс басталады, әсіресе әлеуметтік маңызды тауарларға қатысты. Тексеріс бүкіл Қазақстан бойынша жүргізіледі», - деп хабарлады Қ. Бишімбаев.
Қазіргі уақытта монополияға қарсы орган қызметкерлерінің әрекеттері қант нарығында туындаған жағдайды зерттеуге бағытталған. Табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау комитетінің аумақтық департаменттерімен көтерме және бөлшек сауда арқылы қант сатушыларының әрекеттері зерттелуде. Тексеріс Қарағанды облысында бөлшек сауда желілерінде маусыммен салыстырғанда шілдеде 1 кг қант бағасының 238-244-тен 260-290 теңгеге дейін күрт көтерілуі, сондай-ақ облыста қант тапшылығы туралы өтініштер түскеннен кейін басталды. Сонымен бірге ұн мен нан бағасының көтерілуі де басты назарда.
Қ.Бишімбаев пен Ә.Исекешев Шарын, Шанхай, Шапағат базарларындағы сауда нүктелерінің сатушыларымен әңгімелесті. Сонымен қатар Еуразия сауда орталығына және Магнум дүкеніне де барды. Олар сатушыларды азық-түлік тауарларының бағасын негізсіз өсірген алыпсатарлардан сақ болуға шақырды.