Ұлттық экономика министрлігі АЭФ-ке қатысатын шетелдік спикерлер туралы айтып берді

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Үкімет үйінде өткен баспасөз мәслихатында ҚР Ұлттық экономика бірінші вице-министрі Руслан Дәленов Астана экономикалық форумына келетін шетелдік спикерлер мен олардың қаламақысы туралы айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Мәртебелі меймандарды шартты түрде үш топқа бөліп қарстыруға болады. Біріншісі, келуге уақыты, ниеті және мүмкіншілігі барлар. Олар ешқандай ақысыз тегін келеді. Мұндай спикерлер мен қонақтар баршылық. Екінші топ, келуге дайын болғанымен ұшып келу, жатын орын шығындарын төлеу қажет. Үшінші топ өздерінің келісімшарт міндеттемелерінің күшінде болуына байланысты қаламақы негізінде ғана әрекет ететіндер»,- деді ол.

Вице-министрдің айтуынша, бұл ретте қаржыландыру көзі демеушілердің қаражаттары болады.

«Демеушілер спикерлермен тікелей өздері келісімге келеді. Бұл халықаралық тәжірибе. Біздің форум дәл сондай форматта өтетін болады. Оған бюджеттен бөлінетін ақша жаратылмайды. Мәселен, Француа Олланд демеушілердің есебінен келеді», - деді Руслан Дәленов.

Айта кетейік, Global Challenges Summit 2018 бағдарламасы заманауи әлемнің 11 маңызды сын-қатерлерінің айналасында құрылған: бірыңғай экономика және ғаламдық стратегия, ресурстар және таза энергия, ұзақ ғұмыр және жаңа адамзаттың әлемі, цифрландыру, болашақтың ақшасы, ғаламдық қауіпсіздік және урбанизация. Global Challenges Summit 2018 Астаналық экономикалық форум базасында 2018 жылғы 17 мамырдан 19 мамырға дейінгі аралықта өтеді.

Саммит спикерлері қатарында Францияның бұрынғы президенті Олланд Франсуа, физик, футуролог Митио Каку, Халықаралық олимпиада комитетінің Этика жөніндегі комиссиясының төрағасы және БҰҰ-ның бұрынғы Бас хатшысы Пан Ги Мун, Golman Sachs бұрынғы төрағасы Джим О'Нил және басқа да танымал адамдар бар.