Ұлттық экономика вице-министрі саяжайды тұрғын үй ретінде заңдастыруға қарсы

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қала сыртындағы саяжайларды тұрғын үй ретінде заңдастыруға болмайды. Бұл туралы бүгін Парламент Сенаты Экономикалық саясат, инновациялық даму және кәсіпкерлік комитетінің кеңейтілген отырысында Ұлттық экономика вице-министрі Қайырбек Өскенбаев мәлім етті. Еске салайық, комитет отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне тұрғын үй қатынастары мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы талқыланған болатын.

«Депутаттар саяжайларды тұрғын үй ретінде қабылдау керек деген ұсыныстар айтып отыр. Біз бұған келіспейміз. Өйткені, егер саяжайларды тұрғын үй ретінде заңдастыратын болсақ, оның басқа инфрақұрылымдарын - мектеп пен аурухана секілділердің барлығын құру қажеттігі туындайды. Сосын саяжайлар алабындағы жолдың кеңдігі - бар-жоғы 6 метр. Ендеше, оларды тиісті нормалармен қалайша қамтамасыз ету керек? Үйлердің бірқатарын сызып тастаймыз ба? Ал қайсысын сызайық? Оң жағын ба, жоқ сол жағынан ба? Сұрақ көп», - деді вице-министр. Оның айтуынша, саяжайлар төңірегіндегі мәселені орнықты шешудің басқа жолдарын іздестіру керек.

Бұдан бөлек, вице-министр Астана маңындағы кенттердегі үй құрылыстарының жүйесіз салынуына да қарсылығын танытты. Оның сөзіне қарағанда, қала маңынан үй салмас бұрын, бас жоспардың бекітілуін күту керек, өйткені онда жеке және көпқабатты тұрғын үйлер үшін учаскелер көрсетіледі.