Ұлттық экономика вице-министрі тарифтердің биылғы өсіміне қатысты айтып берді

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанның Ұлттық экономика вице-министрі Серік Жұманғарин «ҚазАқпарат» тілшісіне берген сұхбатында табиғи монополиялар қызметінің тарифтері жөнінде айтып берді.

«Биыл экономикалық саясат жөніндегі кеңесте реттелетін қызметтердің жалпы инфляция деңгейінің үлесін 1,2 пайыз шамасында бекіттік. Егер инфляция 6 пайыз болса, онда реттелетін қызметтердің деңгейі 1,2 пайыздан аспайды. Биыл тарифтер күрт өспейді», - деп атап өтті ол.

Оның сөзіне қарағанда, табиғи монополиялар нысандарынан тарифтерді көтеру жөніндегі ұсыныстар әрдайым түсіп отырады. Және тарифтер сол қалпында қалса, монополистер өздерінің жыл санап ескіретін технологияларын жаңарта алмайды.

«Барлығы инфляцияға тәуелді, сондықтан тарифтердің белгілі бір өсімі әрдайым болып тұрады. Дегенмен, біз оны қатаң бақылауда ұстап тұрамыз. Себебі тарифтер өсе бергені, монополистер дамымай, бір қалыпта қалғаны бізге керек емес. Онда ерте ме, кеш пе олардың қызметтерінсіз қаламыз. Біздің саясатымыз олардың қорын жаңартуға жол ашу, сол қорлардың толығуына бірге жұмыс істейміз, өз кезегінде, тарифтердің тым қымбаттауына жол бермейміз», - деп түйді ойын вице-министр.