Ұлттық ғылым академиясын қайта құру жөніндегі мемлекеттік комиссия жасақталды

Фото:
АСТАНА. ҚазАқпарат – ҚР Үкіметінің 2022 жылғы 9 қарашадағы өкімімен Ұлттық ғылым академиясын қайта ұйымдастыру жөніндегі мемлекеттік комиссия құрылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Құжатта көрсетілгендей, аталған комиссияға Премьер-Министрдің орынбасары – ҚР Сауда және интеграция министрі Серік Жұманғарин жетекшілік етеді. Оның орынбасары болып Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек бекітілсе, комиссия хатшысының қызметін Ғылым комитетінің төрағасы Дархан Ахмед-Зәки атқармақ.

Сонымен қатар мемлекеттік комиссия құрамына енгендер:

- Қаржы вице-министрі Татьяна Савельева;

- Ұлттық экономика вице-министрі Бауыржан Омарбеков;

- Алматы қаласы әкімінің орынбасары Асқар Әмрин;

- Ұлттық ғылым академиясының президенті Мұрат Жұрынов және ғылыми орталықтары мен ғылыми-зерттеу институттарының академиктері мен ректорлары.

Еске салайық, Ұлттық ғылым академиясының 75 жылдығына орай ұйымдастырылған сессияда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев академия мәртебесін көтеруді тапсырған болатын.

Мұнымен қоса, бұған дейін Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек ведомствоның негізгі жұмыс бағыттарына тоқталып, Ұлттық ғылым академиясының мәртебесі қайтарылатынын мәлімдеп еді.