Бас жүлде алған жеңімпаздар Сингапурға технологиялық кәсіпкерлік бойынша бір апталық оқуға барады.
«Ұлттық байқау халық арасында инновациялық белсенділікті арттыруға және технологиялық кәсіпкерлікті дамытуға арналған. Оған ҚР Инвестициялар және даму министрлігі қолдау білдірді. Биыл да Қазақстанның түрлі өңірінен мыңнан астам студенттер, мектеп оқушылары, стартапшылар мен журналистер өтінім берді. Оларға қолдау білдіруге қашанда дайынбыз», - деді «ТДҰА» АҚ басқарма төрағасы Марат Омаров марапаттау рәсімінде.
Байқау әдеттегідей 5 аталым бойынша ұйымдастырылды. «Қазақстанның инновациялық белсенді аймағы» аталымында Астана қаласы көш бастады.
«Орта мектеп оқушылары мен колледж студенттері арасындағы ең үздік технологиялық шешім» номинациясында «Smart Home Group» тобы халықтық дауыс беру жүлдесі мен 200 мың теңге чегін жеңіп алды. Аталымда ІІІ орын алған «Әлихан квадрат» 400 мың теңге, ІІ орын алған - «Трубочисты» тобы 800 мың теңге иеленді. Ал, бірінші орын алған «Три медиум» тобы Сингапурға жолдама жеңіп алды.
«Студенттер арасындағы ең үздік технологиялық шешім» номинациясында «Төле», «Топ», «Тұран» командалары жүлдеге ие болды. Оларға да 200 000, 400 000, 800 000 теңгелік чектер мен Сингапурға жолдама берілді.
«Стартаптар арасындағы үздік технологиялық шешім» аталымында «Зрение», «Астана биомедгрупп», «Алатау робот технологиясы» топтары үздік деп танылды. Жеңімпаз атанған жобалар туралы толық ақпарат ТДҰА сайтында жарияланады.
Сонымен бірге, инновациялық тақырыпта үздік журналистік материалдарымен көзге түскен журналистер агенттік марапатына ие болды.
«Мемлекеттік тілдегі инновациялық тақырыптағы үздік материал» номинациясында халықтық дауыс беру жүлдесінің жеңімпазы атанған Дастан Сапашов 200 мың теңгенің чегін жеңіп алды. Сәйкесінше, ІІІ орын жүлдесі мен 500 мың теңге - Қанат Махамбетке, ІІ орын мен 900 мың теңге - Мирлан Алтынбекке және І орын мен 1 миллион 300 мың теңге - «Атамекен» бизнес арнасының журналисі Ерболат Мұхамеджанға берілді. «Орыс тіліндегі инновациялық тақырыптағы үздік материал» номинациясында Әсел Құрманғалиева, Юрий Масанов, Константин Харламов және Николай Энелане үздіктер қатарынан көрінді.
Айта кетейік, Астанада дәстүрлі Qazaqstan Technology Forum өз жұмысын бастады. Жиында мемлекеттегі инновацияны дамытудың өзекті мәселелері талқыланып, отандық және шетелдік инновациялық жобалар көрмесі ұйымдастырылады.
Осыған дейін Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрлігі Технологиялық және инновациялық даму департаментінің қолдауымен «Технологиялық даму жөніндегі ұлттық агенттік» Ұлттық инновациялық конкурс ұйымдастырылатыны хабарланған болатын.
13:17, 12 Қазан 2018
Ұлттық инновациялар байқауының жеңімпаздары Сингапурға жолдама алды
АСТАНА. ҚазАқпарат - Астанада Технологиялық даму жөніндегі ұлттық агенттік 2018 жылғы Ұлттық инновациялар байқауының жеңімпаздарын марапаттады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.