«Ұлттық инновациялық қор» АҚ технологиялық бизнес-инкубатор бағдарламасын жүзеге асыра бастады

ТАНА. 3 тамыз. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Ағымдағы жылдың 25-шілдесінен бастап елімізде технологиялық бизнес-инкубатор бағдарламасы басталды.

Бұл туралы бүгін аталған мәселе бойынша өткен баспасөз мәслихатында «Ұлттық инновациялық қор» АҚ басқарма басшысының орынбасары Әнуарбек Сұлтанғазин мәлім етті.

«Бағдарламаға келетін болсақ, бұл 2010 жылы басталған мемлекеттік қолдаудың бір түрі. Бағдарлама Индустрия және жаңа технологиялар министрлігінің қамқорлығымен жүзеге асырылады және инновациялық жобалар бастамашыларына жәрдем беріп, олардың нақты инновациялық жобаларын нарыққа кіріктіруге бағытталады. Жоба шеңберінде қолданыстағы технопарктер базасында инноваторлар мен олардың идеяларын қолдау жөніндегі сервистік және инфрақұрылымдық қызметтер жүргізіледі. Бұл ретте бағдарламаға Алматы, Астана, Қарағанды, Өскемен, Орал және Шымкент қалаларындағы технопарктер қатысатын болады» - дейді Ә. Сұлтанғазин.

Оның айтуынша, аталмыш бағдарламаның жүзеге аса бастағаны былтыр ғана болғанына қарамастан, оның технология мен бизнес қауымдастығы арасында танымалдылығы артып отыр. Мәселен, бағдарлама бойынша былтырғы жылы технологиялық бизнес-инкубаторлыққа 105 өтініш түссе, оның 36-сы жүзеге асыру үшін мақұлданған.

«Инноваторлар өздерінің өңірлері бойынша технопарктермен байланыс жасап, бағдарламаны толық білгені абзал. Қазір технопарктер осы бағытта өздерінің жұмыстарын да бастап кетті», - деді Ұлттық инновациялық қор өкілі.